«Ауылға барған дәрігерлерге бір реттік 10 млн теңге беру»: министр AMANAT-тың бастамасы жайлы

Автор: Azattyq Rýhy

Ауылдарда мыңнан астам маман тапшы

Фото: ашық дереккөзден

 

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Орталық коммуникациялар қызметінде  ауылға баратын дәрігерлер жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

Брифингте министрге «Бұған дейін AMANAT партиясы ауылға барып, жұмыс істегісі келетін дәрігерлерге бір рет 10 млн теңге беру керек деп бастама көтерген болатын. Мұны жүзеге асыруға бола ма? Себебі, бюджет тапшылығы мәселесі бар. Қаржы министрімен сөйлестіңіз бе? Бүгінде ауылда қанша дәрігер жұмыс істеп жатыр, қанша дәрігер жетіспейді?» деген сұрақ қойылды.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният ауылда мыңнан астам дәрігер тапшы екенін айтты.

«Қазіргі таңда ауылдарға 1 мыңнан аса дәрігер жетіспейді. Мамандарды ауылдарға тартып, әлеуметтік қолдау көрсету үшін 10 млн теңге беру керек деген ұсынысты қолдап отырмыз. Бұл AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында жазылған. Сондықтан бүгінде Қаржы министрлігі бұл ұсынысты қолдап отыр. Енді өңірлерге «сіздерге қанша дәрігер керек, қанша қаражат бөлінеді» деп ақылдасып, жұмыс істеп жатырмыз»,- деді ол.

 Ажар Ғиният қолдау оқуын енді бастағандарға қатысты екенін айтты.

«AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасында тек оқуын енді бітірген жас мамандарға қолдау көрсету керек деп жазылған. Егер Қаржы министрлігі қолдаса, келесі жылдан бастап іске қосылады. Бүгінде 1 мыңнан аса дәрігер жетіспейді дедім. Шашамен 600 дәрігер (ауылға баруы мүмкін). Бұл деректерді бізде облыстардағы денсаулық сақтау басқармасы берді. 600 дәрігерге қатысты»,- деді ол.