Токио Олимпиадасы өтетін жаңа мерзім ресми түрде жарияланды

Автор: Azattyq Rýhy

Олимпиада ойындары келесі жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтеді

Фото: ашық дереккөзден

Халықаралық Олимпиада комитеті, Халықаралық паралимпиада комитеті, Токио-2020 ойындарын ұйымдастыру комитеті, сондай-ақ, Токио қаласы мен Жапония билігі Олимпиада ойындары өтетін жаңа мерзімді бекітті, деп хабарлайды Olympic.kz. 

«2021 жылға ауыстырылған жазғы Олимпиада ойындары келесі жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтеді.  Токио-2020 мен  Халықаралық Олимпиада комитеті төртжылдық додасының жаңа өту мерзімі туралы келісімге келді. Лауазымды тұлғалар бүгін телефон арқылы конференция өткізді», - деп жазады басылым.

Айта кету керек, 24 наурыз күні әлемде COVID-19 індетінің белең алуына байланысты Жапония билігі мен ХОК бірлесе отырып, Олимпиада ойындарын келесі жылға қалдыру туралы шешім қабылдаған еді.  Жаңадан бекітілген мерзім бойынша, Токио Олимпиадасы 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамызы аралығында өтеді. Паралимпиада ойындары 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады.