100 мыңға жуық армян Таулы Қарабақтан көшіп кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Танылмаған Таулы Қарабақ республикасы 1 қаңтардан бастап ресми жойылады

Фото: Vasily Krestyaninov/AP/picture alliance

100 мыңға жуық армян Таулы Қарабақтан көшіп, Арменияға жетті. Бұл танылмаған республика халқының 80 пайызы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy euronews-ке сілтеме жасап.

Бұл армян Үкіметінің берген мәліметі. Олардың 20 мыңнан астамы мемлекеттік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды армян Министрлер Кабинеті.

Жыл басында аймақтағы армян халқының саны 120 мың деп есептелген. Яғни, тұрғындардың кем дегенде 3/4 бөлігі аймақты тастап кеткенін білдіреді.

Армения Премьер-министрі Никол Пашинян аталмыш аймақта армян халқының бірде бір өкілі қалмайды, деді. Ол Әзербайжан билігін этникалық тазарту және тұрғындарды депортациялағаны үшін айыптады. Ал Әзербайжан сыртқы істер министрлігі бұны үзілді-кесілді жоққа шығарып, армяндардың қоныс аударуын «өздерінің жеке шешімі және мұның зорлықпен көшіруге еш қатысы жоқ» деп ескертті.

Армения жеке көлігі жоқ адамдарды шығару үшін Степанакертке (Әзірбайжан атауы – Ханкенди) бірнеше ондаған автобус жіберді. Аймақ тұрғындарын Арменияға жеткізу үшін Әзірбайжан билігі де 30 автобус жөнелткен.

Әзербайжан СІМ өз мәлімдемесінде жергілікті халықты Таулы Қарабақтан кетпеуге және Әзербайжан қоғамына қайта кіруді бастауға шақыратынын айтты.

1990 жылдары әзербайжандардың өздері де Таулы Қарабақтан қуылды. Ал 2020 жылғы 44-күндік соғыста қайтарылған аудандарға Баку «Ұлы оралу» бағдарламасы аясында әзербайжандарды жаппай қоныстандырып жатыр.

Еске салайық, Халықаралық қауымдастық Әзербайжанның бөлігі деп таныған, бірақ Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Бакудың бақылауынан шығып кеткен Таулы Қарабақ армяндары қыркүйектің 20-да қаруларын тастап, тізе бүгіп, атысты тоқтатуға келісті.

Сымбат ҒАЛЫМЖАН