ШҚО-да су құбыры жарылып, 6,5 мың адам сусыз қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Апат орнында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде су құбыры жарылып, 6,5 мың адам сусыз қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірлік Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 30 қыркүйек күні сағат 13:00-де Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде суық су құбыры жарылды. 

«Барлығы 6,5 мыңнан астам адам тұратын 32 көпқабатты үй және 68 түрлі мекеме, оның ішінде 4 білім беру нысаны орталықтандырылған сусыз қалды. Құбырдың тым тозуынан осындай жағдай болды», - делінген хабарламада.

Ұлан ауданының әкімдігі тұрғындарға ауызсуды кестеге сай жеткізіп отыруды бірден қолға алғанын айтуда.

Апат орнында «Молодежный» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жөндеу жұмыстарына барлығы 12 адам мен 3 техника жұмылдырылған.