1 сәуірден бастап СҚО-ға кіріп-шығу шектеледі

Автор: Azattyq Rýhy

Сәуірдің бірінен бастап Солтүстік Қазақстанға кіріп-шығу және тұрғындардың облыс аумағында жүріп-тұруы шектеледі

Фото: ашық дереккөзден

Қызылжар қаласының аумағында 9 бақылау-өткізу пункті орнатылады. Петропавл көшелерінде күн сайын 450 полиция қызметкері кезекшілік атқарады. Балабақшалар да жұмысын тоқтатады. Қауіпті індеттің таралмауы мақсатында жүзеге асырылып жатқан осы және басқа да шектеу шаралары жайында облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді, деп хабарлайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ТОЙ-ТОМАЛАҚҚА ТОҚТАУ САЛУ КЕРЕК

Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында 1 сәуірден бастап Солтүстік Қазақстан облысында шектеу шаралары енгізіледі. Петропавлды сыртқы әлеммен жалғайтын республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда 9 блок-бекет жұмысын бастады. Қалаға тек арнайы рұқсатнама арқылы ғана кіріп-шығуға болады. Жолаушылар құжаттарын көрсетіп қана қоймай, сауалнама толтырады. Санитарлық және ветеринарлық бақылау жүргізіледі. Облыс орталығының көшелерінде күн сайын ішкі істер органдарының 450 қызметкері бектілген талаптардың орындалуын қадағалайды. Тәртіпке бағынбағандар жазаланады.

«Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде дерлік коронавирус жұқтыру жағдайлары тіркелді. 8 қала карантин режиміне өтті. Басқа шахарларда да шектеу шаралары қабылданды. СҚО аудандарында да карантиндік бекеттердің жұмысы күшейтілді. Енді қозғалыс шектеледі. Аудан тұрғындары белгілі бір қажеттілікке байланысты ғана шыға алады. Барлық сылтау, әсіресе той-томалаққа тоқтау салу керек. Әуежай жабылды. Теміржол вокзалы 27 наурызға дейін билет алған жолаушыларды ғана қабылдайды. Одан әрі қызмет көрсетпейді», - деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов. 

ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІК ҚАТЫНАСЫ АЗАЯДЫ

Қоғамдық көліктердің қатынасына да түзету енгізілді. Автобустар таңғы 7.00-мен кешкі 20.00-ге дейін ғана қозғала алады. 

Адам аяғы көп баратын қоғамдық орындар жабылып, күзет қойылады. Азық-түлік сататын дүкендер жұмысын жалғастыра береді. Құмар Ақсақалов бұл шаралар арқылы Петропавл қаласына келушілердің санын шектеу көзделіп отырғанын жеткізді. Егер адамдардың қарым-қатынасы азайса, індеттің таралу қауіпі де сейілмек. 

БАЛАБАҚШАЛАР СОҢҒЫ КҮН ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Ертең облыс орталығындағы балалақшалар соңғы күн жұмыс істемек. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері белгісіз мерзімге дейін жабылады. Қоғамдық көлік қатынасы да шектеледі. Ірі өндіріс орындарына ғана жұмысты жалғастыуға рұқсат берілді. Олар да қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы шарт. 

«Мемлекеттік мекемелер, аурухана, құқық қорғау органдары, коммуналдық қызмет әдеттегі режим бойынша қызмет етеді. Қалған мекемелердің жұмысшылары мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істейді. Күн сайын барлық көшелер, аялдамалар, қоғамдық көліктер зарарсыздандырылады. Дезинфекция жасауға қажетті қондырғылар жеткілікті мөлшерде алынды. Мамандар даярлықтан өтті. Шектеудің қашанға дейін созылатыны белгісіз», – деді Құмар Ақсақалов.  

ҚОҒАМДЫҚ ОРЫНДАРДА ЖИНАЛУҒА БОЛМАЙДЫ

Бесөл, Подгорое, Пеньково, Белое, Якорь сынды тағы басқа елдімекен тұрғындарының дені облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Бүгінгі күні мұндай адамдардың тізімі жасалуда. Егер олардың саны айтарлықтай көп болса, бақылау пункттері елдімекендерге жақын жерлерге көшіріледі. 

«65-тен асқан қарттар үйде отыруы керек. Қоғамдық орындарға 3 адамнан артық топтасып баруға болмайды. Оның өзінде қажетті дистанция сақталуы шарт. Балалар тек ересектермен бірге жүре алады. Бұл ұсыныс емес, төтенше жағдайдың талаптары. Оны барлығы орындауға міндетті. Қоғамдық орындарда неғұрылым көп болсаңыз, соғұрлым өз денсаулығыңызға қауіп төндіресіз. Осыны түсінуіміз керек. Жауапсыздық біреуді өмірден айырмауы тиіс», - деді Құмар Іргебайұлы.

ШЕКТЕУ ҚАНША УАҚЫТҚА СОЗЫЛАДЫ?

Қоғамдық тамақтану орындары жеткізіп беру режимінде ғана жұмыс істей алады. Банк филиалдары мен пошта бөлімшелері адамның көп жиналмауын қамтамасыз ету мақсатында арнайы жоспарға сай жұмыс істейді. Кезекте тұрғандар саны 5 адамнан көп болмауы тиіс. Барлық қоғамдық орындарда адамдар арасында 2 метрлік арақашықтық сақталуы шарт. 

«Президент тапсырмасына сәйкес эпидемияға қарсы шараларға жұмылдырылған медицина мамандарының жалақысы айтарлықтай өседі. Үш қатерлі топ бойынша 3 ай көлемінде төлем жасалады. Бүгінгі күні дәрігерлер үлкен жұмыс атқаруда. Шектеу шараларының талаптарын орындау керек. Мұның барлығы адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталған», - деді Құмар Ақсақалов. 

Шектеу шаралары 1 сәуір күні сағат 00.00-ден басталады. Оның қандай мерзімге жалғасатыны әзірге белгісіз. Ресми мәлімет бойынша Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус жұқтырудың бір фактісі тіркелген. Сырқат әзірге инфекциялық ауруханада емделіп жатыр.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО