Елімізде сібір жарасын 32 адам жұқтырған - Денсаулық сақтау министрі

Автор: Аманалина Тоғжан

Олар індетті үй жануарларынан жұқтырғаны анықталды 

Фото: russian.rt.com

Елімізде сібір жарасын 32 адам жұқтырған. Бұл туралы Үкіметте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

“Сібір жарасы – аса қауіпті инфекция. Аса қауіпті инфекциялар өте мұқият бақыланады. Биыл екі облыста – Ақмола облысында және Жамбыл облысының кейбір аудандарында адамдар сібір жарасы анықталды. 32 адам үй жануарларынан жұқтырған. Барлық науқастар дереу медицина қызметкерлерінің бақылауына алынып, жұқпалы аурулар ауруханаларында емделіп жатыр”, - деді Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, індеттен қайтыс болғандар тіркелген жоқ.

“Бір ерекшелігі - сібір жарасы адамнан адамға жұқпайды. Бұл зооноздық инфекция, ол табиғатта бұрыннан бар. Жалпы, жануарлар түрлі аурумен ауырмау үшін олар жыл сайын вакцинациялануы керек. Барлық дерт жеке шаруашылықтарда тіркелді, олардың мал-мүлкіне вакцинация жасалмаған”, - деп түсіндірді ведомство басшысы.