Алматы облысының тұрғыны Өзбекстанға тойға барып, коронавирус жұқтырған

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ, 3 айлық сәбиі бар әйелден де COVID-19 вирусы анықталды

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны тағы 283 адамға жетті. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы дерегі бойынша, вирус тағы 12 адамнан анықталған. Олардың бірі – Өзбекстанға барып келген Алматы облысының тұрғыны.

Өңірде бүгін екі адамның вирус жұқтырғаны белгілі болды. Олар Қарасай және Еңбекшіқазақ аудандарының тұрғындары.

«Бірінші жағдайда Қарасай ауданы Кемертоған ауылында тұратын 41 жастағы әйелдің вирус жұқтырғаны анықталып, аудандық инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Онымен қарым-қатынаста болған 6 адам, соның ішінде әйелдің күйеуі мен 2020 жылы туған сәбиі (3 айлық) карантинге алынды. Екінші жағдайда, вирус Есік қаласының тұрғынынан табылан. Ағайын-туыс Өзбекстанға үйлену тойына өз шағын автобусымен барған екен. 14 адамның Өзбекстаннан келгені туралы мәліметті Түркістан облысындағы СЭС мамандары хабарлады. Облысқа келген бетте олар провизорлық стационарға жатқызылған. Соның ішінде 1960 жылы туған әйелден вирус анықталып, қазір ол Қарасай аудандық инфекциялық ауруханасына жатқызылды. Онымен қарым-қатынаста болған өзге жолаушылар да карантинде», - делінген Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Жалпы, Алматы облысында 6 адам коронавирус жұқтырған.