Қазіргі уақытта Антикор екі аудан мен бір қаланың аумағындағы заңсыздықтарды анықтады
Алматы облысында қоқыс төгетін полигондар заңсыз жұмыс істейді. Ал аудан әкімдері алаңдарды ақша тауып отырған адамдарға заңсыз, ешқандай келісім шарсыз бере салған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Алматы облыстық департаментінің хабарлауынша, заңсыз кәсіп иелері халықтан жоғары тариф арқылы пайда тауып отырған. Қазіргі уақытта Антикор екі аудан мен бір қаланың аумағындағы заңсыздықтарды анықтап, шара қолданып жатыр.
«Өңірдің проблемаларын анықтау үшін БАҚ пен әлеуметтік желілердегі жағымсыз жарияланымдарды тұрақты негізде зерттеп келеміз. Осындай проблемалардың бірі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының қызметі болып табылады. Осы мәселе бойынша мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында Еңбекшіқазақ, Балқаш аудандары мен Қонаев қалаларындағы полигондар рұқсат құжаттарын жұмыс істейтіні анықталды. Мысалы, Еңбекшіқазақ ауданының полигонында құрылған сәттен бастап (1969 жылдан бастап) рұқсат құжаттары жоқ. Алайда әкімдік оны ешқандай құжатсыз жеке компанияға тапсырған. Әкімдік пен компания арасында сенімгерлік басқаруға беру туралы шарт немесе келісім жасалмаған. Сонымен қатар, олар санитарлық және экологиялық ережелерге сәйкес келмейді, бұл қоршаған ортаның қарқынды ластануына әкеледі», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серік Орымбетов.
Департаменттің бастамасы бойынша уәкілетті орган тексеру жүргізіп, компанияға 172 000 айыппұл салынды. Қоқыс полигондары шот-фактураны да дұрыс жүргізбейді. Есесіне қымбат тариф қойып тастаған.
«Анықталған бұзушылықтардың негізгі себептері жұмысты тиісінше ұйымдастырмау және тиісті ведомстволық бақылаудың болмауы болып табылады. Сондай-ақ, бүгінгі таңда облыста халық үшін шот-фактуралар жасаудың бірыңғай жүйесі және қоқыс жинау бойынша бекітілген тариф жоқ. Қалдықтарды жинау және шығару халыққа 1000-нан 3000 теңгеге дейінгі жоғары тарифте бекітілген. Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен оларды жою жөніндегі шаралар облыс әкімдігіне жолданды және ол Департаменттің бақылауында», - деді Серік Орымбетов.