Қайтарылған жер аумағының құны 285 млн теңгені құрайды
Ақмола облыстық прокуратурасы шараларымен мемлекетке 285 млн теңгеге жайылымдық жер қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бурабай ауданының прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына талдау жүргізіп, жергілікті фермердің ауыл шаруашылығы алқаптарын пайдаланбау фактілерін анықтады.
Талдау нәтижелері бойынша Ақмола облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаментіне заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс енгізілді.
«Нәтижесінде мемлекетке ауданы 30 мың гектардан астам, кадастрлық құны 285 млн теңгені құрайтын жайылымдар қайтарылды, ол ұзақ уақыт бойы тікелей нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмаған», - делінген Ақмола облысының прокуратурасының хабарламасында.
Осылайша, аудан аумағында жайылымдық жерлердің тапшылығы 50% -ға қысқарды.
Прокуратура осы бағыттағы жұмысты жалғастырып жатыр.