Қарағанды облысының бірнеше қаласы карантинге жабылады

Автор: Azattyq Rýhy

Карантин 30 наурызда сағат 00:00-ден басталады

Фото: ашық дереккөзден

Қарағанды, Абай, Саран, Теміртау, Шахтинск қалалары 2020 жылғы 30 наурыздан бастап карантинге жабылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Карантин 2020 жылдың 30 наурызында сағат 00:00-ден басталады. Біз карантин шараларын Қарағанды қаласының аумағында коронавирус инфекциясын жұқтырған 7 жағдайға байланысты қабылдап отырмыз», - деді Қарағанды қаласы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров онлайн-брифинг барысында.

Аталған қала тұрғындары Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285 Жарлығына және Қазақстан Республикасында төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 17 наурыздағы № 2 шешіміне сәйкес төтенше жағдай режимін сақтаулары қажет. 

Айта кетейік, қазір елімізде Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары карантинде. Сондай-ақ елімізде 265 адамнан коронавирус анықталып, 18 адам жазылды. 1 адам қайтыс болды.