«Ұлы дала жорығы»: Маңғыстау облысының командасы чемпиондық атағын неге қорғап қала алмады?

Автор: Azattyq Rýhy

Маңғыстау облысы «Көкмойнақ» командасы жорықты жалғастырудан өз еркімен бас тартты

Бүгін 17 қыркүйекте «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің 12-кезеңі Қызылорда облысы Шиелі ауданында өтіп жатыр. Таңғы сағат 7:00-ден 8 команда кезекті 100 шақырымды бағындыруға аттанды. Маңғыстау облысы командасы аттарының шаршап қалуына байланысты старт сызығына келмеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін, 11-кезеңде Маңғыстау облысының команда капитаны жарыстан шығып қалып,   «Көкмойнақта» 3 ат қалғанын хабарлаған едік. 11-кезең бойы үздік болып келген маңғыстаулықтар тәуекелге бармай, аттарын зорықтырмай, келесі жылғы марафон-бәйгеге тыңғылықты дайындауды жөн санағанын жеткізді.

11 кезең нәтижесі бойынша, Маңғыстау облысының «Көкмойнақ» командасы 18 команданы шаңына да ілестірмей келген. 1050 шақырымды артта қалдырып, финишқа 250-ақ шақырым қалғанда мұндай шешімге келуі күтпеген жағдай болды. Аттары жорықты жалғастыруға жарап тұрса да, жорықты тоқтатуы – атақ-абырой, жеңіс пен жүлдеден аттарының амандығын алдыңғы орынға қоятынын сездірді.

Бүгінде экс-чемпиондардың орнын Қостанай облысының командасы басты.

Енді Адай жылқысының абыройы 1300 шақырымды 1 атпен бағындыруды мақсат еткен «Рекорд» командасындағы маңғыстаулық шабандоздың мойнында.

Бұдан бөлек командадан тыс 4 шабандоз белгіленген межені еңсеруге жалғыз жорытып барады.