Қазақстанда шетелге шықпағандар арасында коронавирус жұқтырғандар саны өсуде - Абаев

Автор: Azattyq Rýhy

Министрдің айтуынша, бұл ауру кез келген жерде жұғуы мүмкін дегенді білдіреді

Фото: видеокадр

Елімізде шетелге шықпай-ақ ауру жұқтырғандар саны өсуде. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Хабар 24 арнасында өткен онлайн брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Қазір шетелге шықпай-ақ ауру жұқтырғандар саны өсуде. Бұл дегеніміз – ауру қонақта, туыстардың үйінде, лифтте, автобуста, яғни кез келген жерде жұғуы мүмкін дегенді білдіреді. Көп адам бұл ескертуге салғырт қарайтынын көріп отырмыз. Мысалы, кеше – бір күн ішінде ғана төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін 237 адам жауапқа тартылса, оның 74-і қамауға алынды. Бұл бейқамдық ауруханада науқастарға орын жетпеуіне әкелуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды», - деді министр.

Брифинг барысында Дәурен Абаев жұмысынан айырылып қалғандарға берілетін әлеуметтік төлемдер үшін 200 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеді. 

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айрылғандарға ай сайынғы ең төменгі жалақы мөлшеріндегі төлемдер үшін шамамен 200 миллиард теңге бөлінеді. Жұмысты, несиені, бизнесті уайымдамаңыздар. Мемлекет ешкімді тастамайды, көмектеседі. Зейнеткерлерге дәрі апаруға, мұқтаж жандарға азық-түлік апаруға көмектесеміз. Бұған дейін бірнеше рет айтқанымыздай, жұмыстан босағандар немесе ақы төленбейтін демалысқа шыққандар мемлекет тарапынан төлем алады», - деді Дәурен Абаев.

Сондай-ақ, ол осындай жағдайда мемлекет тарапынан қанша қаржы бөлінгендігін айтты.

«Бүгінгі таңда Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алуға резервтен 14,7 миллиард теңге бөлді. Оған қоса дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және коронавируспен күресіп жатқан адамдарға жеке қорғаныс құралдарын сатып алу үшін 21, 4 миллиард теңге бөлінді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдіктеріне жеке қорғаныс құралдарын, дәрі және медициналық құралдар сатып алуға 10, 7 миллиард теңге қарастырылған», - деді ол.