Қазақстан Президенті баспасөз хатшысының орынбасары тағайындалды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады

Фото: Ақорда

Белгілі журналист Ержан Байтілес ҚР Президенті баспасөз хатшысының орынбасары болып тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлім етті.

«Белгілі журналист Ержан Байтілес бүгіннен бастап Қазақстан Республикасы Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары қызметіне кірісті. Ол бұған дейін ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болып еңбек еткен болатын. Әріптесімізге сәттілік тілейміз!» - деп жазды ол Facebook-парақшасында.

Ержан Байтілес 1981 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Еңбекші ауылында дүниеге келген.

2002 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Журналистика факультетінде білім алған.

Еңбек жолын 2001 жылы «Қазақстан» газетінде тілшіліктен бастаған ол 2005-2008 жылдары республикалық «Ақ жол Қазақстан» газетінде аға тілші, 2005-2008 жылдары «Алматы Ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі, «Ақшам-ақпарат» тобының жетекшісі, 2008-2011 жылдары республикалық «Ана тілі» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.

2011 жылдың қаңтар айынан бастап бүгінге дейін республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі болған.

Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылдың маусымынан - ҚР Мемлекеттік хатшысы хатшылығының меңгерушісі орынбасары. Президент Баспасөз қызметінің Сектор меңгерушісі қызметін атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР Мемлекеттік кеңесшісінің Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары болған.