«Көп қаражат керек деп ойламаймын»: Жамаубаев АЭС салу бойынша референдум жайлы

Автор: Аманалина Тоғжан

Ол тиісті есептеу әлі жүргізілмегенін айтты

Фото: freepik.com

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Мәжіліс отырысының кулуарында АЭС салуға қатысты өтетін референдум жайлы айтты, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

«Орталық сайлау комиссиясы (АЭС салу бойынша) референдум өтеді деп мәлімдесе, алдымен олар бюджет процесіне сәйкес бізге тапсырыс береді: осынша қаражат керек, осынша аумақта сайлаушылар комиссиясы ұйымдастырылады дейді. Мен тиісті есептеулерді айтпай тұрып, сіздерге (референдум өткізу бойынша осынша қаржы керек деп – автор) қалай айтамын», - деді Жамаубаев.

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың пікірінше, референдумға жұмсалатын қаржы осыған дейінгі өткен референдумнан аз болуы керек.

«Бұл бұрынғыдан (рефередумнан – автор) аз болуы мүмкін. Басқаша әдістер қолданылуы ықтимал... Үлкен қаражат керек деп ойламаймын», - деді ол.

Айта кетейік, былтыр Конституцияға өзгерістер енгізу жалпыхалықтық референдум арқылы өткен болатын. Президент биылғы Жолдауында елімізде АЭС салуды референдум арқылы шешу керегін жеткізген еді.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ