Ғылыми зерттеу саласында қандай проблемалар бар

Автор: Аманалина Тоғжан

Шетелдік тәжірибені қолдану аса үлкен маңызға ие

Фото ашық дереккөзден

«Ғылым қоры» АҚ төрағасы Әбділда Шаменов ғылым саласындағы мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз басқа елдердің тәжірибесін алып қарасақ, мысалы, Израиль ЖІӨ-нің 5 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға бөледі. Бірақ оның 90 пайызы бизнестен түседі. Ғалымдар зерттеу жүргізе алуы үшін ғылымға инвестиция құю мақсатында бизнесті тартқан дұрыс», - деді ол.

Ғылым қорының басшысы бүгінгі семинарға Қазатомөнеркәсіп, Қазгеология сияқты кәсіпорындар проблемасын айтып, тәжірибесін бөлісу үшін жиналғанына тоқталды.

«Зерттеу жүргізетін салалық кәсіпорындардың өкілдері өз мәселелерін айту үшін бас қосып отыр. Біз жаһандану заманында өмір сүріп жатқандықтан, өзара ынтымақтастық орнату өте маңызды. Бірлесіп жұмыс істеу арқылы зерттеу жүргізуді қолға алу аса маңызды. Назарбаев университетінде шетелден келетін зерттеушілер өте көп. Сондықтан бұл біздің ортамызда қамал емес көпір салуға мүмкіндік береді», - деді Шаменов.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев геологиялық барлауға ерекше көңіл бөлу керегін айтқан болатын.

«Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек. Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту қажет. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі», - деді Президент.

Еуропалық одақтың бағдарламасы барлау, шикізат өңдеу және қайта өңдеу саласында зерттеулерді көздейді.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ