Жоба 2026 жылға дейін жалғасады
Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілі Роберт Брудзински Еуропалық одақтың қаржыландыруымен Қазақстанда жүзеге асырылатын жобалар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстан қатысып жатқан Horizon Europe бағдарламасы аясында гидро жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жоба аясында біз шағын су электр станциясын салу тәжірибесімен бөліскіміз келеді. Жоба өткен жылы басталды. Ол 2026 жылы аяқталуы керек. Ынтымақтастық енді дамып жатыр. Шағын су электр станцияларын салу үшін жергілікті жерді зерттеу керек. Ол өте көп уақытты қажет етеді. Ғылыми тұрғыдан да әрбір аймақты зерделеу керек. Құрылыстың өзі тек келесі жылы басталады», - деді Брудзински.
Оның айтуынша, гранттарға өтінім беру қазақстандық ұйымдардың өздеріне байланысты.
«Қазақстандағы Ғылым қоры осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. Horizon Europe бағдарламасын осы елде ілгерілендіру екі тарапқа да тиімді. Шағын су электр станциялары энергетикалық баланста аз мөлшерге ие», - деді ол.
Еуропалық одақ өкілі Президент Жолдауындағы шетелдік инвестоларды тарту бастамасы жайлы айтты.
«Еуропалық инвесторлар келеді деп үміттенемін. Бірақ шетелдік инвесторларды тарту өте күрделі процесс. Мемлекет басшысының сөзі үлкен рөлге ие. Бірақ ол бастамалардың артында инвестициялық климатты жақсартатын нақты іс-шаралар тұруы керек», - деді Роберт Брудзински.
Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында су ресурстарын үнемдеу қажетін айтқан еді.
Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ