Дәрігерлердің айтуынша, олардың дені қызылшаға қарсы вакцинадан бас тартқандар
Түркістан облысында 14 жасқа дейінгі 50-ге жуық бала қызылша жұқтырды, деп Azattyq Ruhy облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды .
Жыл басынан бері өңірде қызылша болуы мүмкін 119 жағдай тіркелген. Оның 70-і зертханалық тексеруден соң дәлелденген. Вирус жұқтырушылар арасында 14 жасқа дейінгі 48 бала бар.
Эпидемиологтар жүргізген талдау нәтижесінде қызылшаға қарсы вакцинадан бас тартқандардың көбі инфекция жұқтырғаны белгілі болды.
Олардың арасында Ордабасы, Сауран, Қазығұрт, Шардара аудандарының тұрғындары көп.
Қызылша - көбіне балалар арасында жиі кездесетін, ауа-тамшы жолдары арқылы тарайтын инфекция. Күз-көктем мезгілдері - эпидемиялық маусымы саналады. Адамнан адамға жұғуы өте жоғары. Аурудың жасырын кезеңі - 7-21 күн. Ауру белгілері науқаспен байланыста болғаннан кейін суық тиюдің белгілеріне ұқсас симптомдармен біліне бастайды.