ШҚО-да заңсыз жұмыс істеп жүрген Моңғолияның 3 азаматы елден шығарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Енді оларға 5 жыл көлемінде ел аумағына кіруге тыйым салынды

Фото ашық дереккөзден

Шығыс Қазақстан облысында заңсыз жұмыс істеп жүрген Моңғолияның 3 азаматы елден шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары «Учаске» жедел алдын алу шарасы барысында заңсыз еңбек мигранттарын анықтады.

«Моңғолияның 3 азаматы өңірге мамыр айында келген. Уәкілетті орган беретін тиісті рұқсат құжаттарын алмаған олар Ұлан ауданында түрлі жұмыс істеп жүрді. Аудандық соттың шешімімен шетелдіктер Қазақстан Республикасынан шығарылды. Енді оларға 5 жыл көлемінде ел аумағына кіруге тыйым салынды. Осы ретте, тұрғындарға халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғандарды қабылдағандар да әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз», - делінген ақпаратта.

Жалпы шара барысында полицейлер көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 50-ден астам шетелдікті жауапқа тартты.