Жарты жыл ішінде елімізде шай мен кофе өндірісі 17,2% өсті
2023 жылғы қантар-маусымда елiмiзде 10,3 мың тонна шай мен кофе өндiрiлді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңiмен салыстырғанда, 17,2% артық, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
2022 жылғы қаңтар-маусымда 8,8 мың тонна кофе мен шай өндірілген. Яғни, биыл көрсеткіштер 1,5 мыңға артқан.
КОФЕ МЕН ШАЙ. ИМПОРТ ПЕН ЭКСПОРТ
«Биыл импорттың үлес салмағы – 73,4%. Елге аталған екі өнімнің 28,5 мың тоннасы әкелінген. Осылайша, импорт көлемі алты айда 32,8% өсті. Экспортқа жарты жылда 3,5 мың тонна шай мен кофе жіберілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 18,6% артық. Ішкі нарықта барлығы 35,2 мың тонна өнім сатылды», - деп атап өтті Ұлттық статистика бюросы.
Оның ішінде шай, осы жылдың қаңтар-маусымында 17,6 мың тонна сатып алынды. Қазақстан шайды мына елдерден сатып алады: Үндістан – 7,7 мың тонна және Кения – 6,2 мың тонна, Ресейден – 1,2 мың тонна, Вьетнамнан – 746,4 тонна және Шри-Ланкадан – 547,2 тонна.
Экспортқа келетін болсақ, алты айда Қазақстан шетелге 1,8 мың тонна қара шай сатты, бұл өткен жылмен салыстырғанда, 16,5% - ға аз. Бізден Ресейге – 1,3 мың тонна, Қырғызстан – 277,4 тонна, Өзбекстан – 177,4 тонна, Қытай – 23,3 тонна және Моңғолияға – 18,8 тонна сатылған.
Ал, қуырылмаған кофе болса, Қазақстанға жыл басынан бері 584 тонна көлемінде импортталды. Бразилиядан – 317 тонна, Ресейден – 100,6 тонна, Колумбиядан – 30,2 тонна, Эфиопиядан – 28,2 тонна, Гондурастан – 13,5 тонна сатып алдық.
Ал, қуырылған кофенің импорты 20%-ға, 831 тоннаға дейін өсті.
Айта кетерлігі, 2022 жылғы шілдемен салыстырғанда, биылғы шілдеде шай бағасы 12,8%, кофе 17,5% қымбаттаған.
Авторы: Сымбат Ғалымжан