Өскеменде алдағы жылдары 9 жаңа аудан пайда болады

Автор: Azattyq Rýhy

Негізгі вектор Ертіс өзенінің сол жағалауына шоғырланады

Фото: Өскемен қаласының әкімдігі

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар тұрғындарға жасаған үндеуінде қаладағы тұрғын аумақтарды ары қарай дамыту тұжырымдамасының қабылданғаны жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Оның айтуынша, негізгі вектор Ертіс өзенінің сол жағалауына шоғырланады. Әкімдік ол жерде ескі және жаңа тармақтарды кеңейту арқылы магистралды жолдардың жаңа желісін құрған еді. Жаңа аудандар арқылы жергілікті маңызы бар жолдар өтеді, ал бұл магистральдар солардың қаңқасы болмақ.  

Сондай-ақ әкім көппәтерлі және жеке құрылыс аудандарына назар аудартты. Оның айтуынша, көппәтерлі аудандардың құрылысы кезінде кешенді жобалаудың жаңа тәсілі қолданылып отыр екен.

«19-шы ауданның құрылысы кезінде біз үлкен сабақ алдық. Тұрғын аудандарды жобалау мен салуда инфрақұрылымды ескере отырып, кешенді тәсілді қолдану қажет. Енді біз үйлерді емес, тұтас тұрғын аймақтарын жобалаймыз. Театрдың артындағы аудан бұл тәсілдің алғашқы сынамасы болды.  Оның жобасынде барлық қажетті инфрақұрылым ескерілген – өтетін жолдар, көлік тұрағы, скверлер, әлеуметтік нысандар, сауда орындары және тағы басқалары», - деп атап өтті әкім.

Жаңа тұжырымдама бойынша құрылыс 39 және 34 үйге арналған екі жаңа ауданда жүргізіледі, олар облыстық драма театры мен спорт ғимараттары кешенінің артында орналасқан. Бұл аудандар алдағы жылдары қаланың толыққанды бөлігіне айналады. Ұзақ жоспарлар қатарында – үш ірі ауданның құрылысы, оларға 22, 24 және 26 деген нөмірлер берілген. Мұнда барлығы 274 үй тұрғызылады. Қазір осы аудандарда және болашағы бар ЖТҚ аудандарында коммуникация желілерінің құрылысы немесе жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 25, 27 аудандарда және Самсоновка ауылында 2500 жеке учаске қарастырылған. 28-ауданда тағы 665 учаскеде бюджет есебінен типтік үйлер салынып, банк арқылы беріледі.

«10-15 жылдан кейін бұл аумақтар тіршілігі қайнаған аудандарға айналады. Қала экономикасы мен мәдениетінің бөлігі болады. Мұның орындалатыны сөзсіз. Біз, өскемендіктер, қандай қадамға баратынымызды білсек және сол мақсатты өзіміз қаласақ, қаламызды міндетті түрде жер бетіндегі ең үздік мекенге айналдырамыз», - деді Жақсылық Омар өз сөзінде.

Одан бөлек, әкім қала үшін тәуекелдер мәселесіне жеке тоқталып өтті. Бұл тәуекелдер коммуналдық қуаттылықтар мен осы бағытта қабылданып жатқан шараларға байланысты.