26 наурыздан бастап Алматы қаласында қоғамдық көліктер 19:00-ге дейін жұмыс істейтін болады
Қоғамдық көлік жұмысының мониторингі мен талдауы жолаушылар ағынының 70%-ға төмендегенін көрсетті. Осыған байланысты төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Алматының жедел штабы қалалық автобус маршруттары мен метроның жұмыс уақытын қысқарту туралы шешім қабылдаған. Сонымен, қаладағы қоғамдық көлік сағат 06:00 мен 19:00 арасында жұмыс істейтін болады.
«Айта кетейік, бұған дейін жолаушылар ағынының айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, қала тұрғындарының еркін қозғалуы үшін автобустар жоспарлы 95% шығумен штаттық режимде жұмыс істеуін жалғастырды. Қалааралық және қала маңындағы маршруттардың жұмысы тоқтатылды», - деп хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, коронавирустың таралуын алдын алу мақсатында Алматыда 19 наурыздан бастап төтенше жағдай енгізілді.