Шымкент тұрғынынан қырым қанды безгегі анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жыл басынан бері қалада 600 ден астам тұрғынды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген

Фото:doctor24.ru

Шымкентте 40 жастағы тұрғыннан қырым қанды безгегі анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қожалықта мал бағып жүргенде кене шаққан азаматтың дене қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген. Ауруын әбден асқындырып барып ауруханаға жеткізілген. Қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, науқаспен қарым-қатынаста болған 21 адам оқшауланған, деп жазады qazaqstan.tv.

Қазір науқас дәрігерлердің бақылауында. Жағдайлары қалыпты дейді мамандар. Айта кетейік, жыл басынан бері шаһарда 600 ден астам тұрғынды кене шағып, медициналық көмекке жүгінген.

«Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігер - инфекционист мамандарымен конго қырым қанды геморрагиялық қызбасы расталған жағдай ауыр дәрежелі диагнозы қойылған. Қарым-қатынаста болған барлық отбасы мүшелері, қаралған медициналық мекемедегі қызметкерлер барлығы 14 күндік медициналық бақылауға алынды», - деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Азамат Тасболтаев.