Оларға 3,5 және 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды
Ақмола облысының аумағында есірткі сайттарын насихаттап, заңсыз жарнамалағаны үшін Петропавл қаласының екі тұрғыны бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, қылмысты Ерейментау қалалық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтады. Петропавл қаласының 23 жастағы тұрғыны мен оның 20 жастағы танысы есірткі заттарын сатумен айналысатын сайттың заңсыз жарнамасын насихаттау және орналастыру мақсатында Ақмола өңірінің аумағына арнайы келген. Олардан заттай дәлелдемелер ретінде трафареттер мен аэрозольдік бүріккіштер тәркіленді.
Алғашқы тергеу әрекеттері барысында жастар өз кінәсін мойындамады, тергеушілерге сайттың тақырыптық бағыты туралы білмегенін айтып ақталмақ болады. Алайда ер адамның телеграмм қосымшасы арқылы жоғары ақы төленетін жұмыс тауып, кейін өзінің танысын тартқаны анықталды. Олардың міндеті тыйым салынған препараттарды насихаттайтын және сататын сайттарға сілтемелерді тарату болды. Оларға «жұмыс берушісі» әр жазба үшін белгілі бір ақы төлеуге уәде еткен.
«Сот үкіміне сәйкес, есірткі заттарын заңсыз жарнамалауды насихаттағаны үшін (ҚР ҚК 299-1-бабы) Петропавл қаласының 23 жастағы тұрғыны мен оның 20 жастағы сыбайласына 3,5 және 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталушылар жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады», - деді ведомстводан.