Кеше Астанада жаңбыр салдарынан бірқатар көшелерді су басқан болатын
«Elorda eco system» директоры қызметінен босатылды. Бұл туралы қала әкімдігінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қаланың нөсер суын қабылдайтын кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі және салдарынан кейбір учаскелерді су басуға жол берілгені үшін «Elorda eco system» директоры Тимур Шоданов қызметінен босатылды. Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы мен «Elorda eco system» алдына жерүсті ағын суын бұруды қамтамасыз ету үшін тиісті іс-шаралар жүргізу міндеті қойылды, Атап айтқанда, бұлар: коллекторлар мен жаңбыр суын қабылдағыштарды тазарту, құбырларды булау, нөсерлі кәріз желісінің қуатын ұлғайту және тағы басқалары», - делінген хабарламада.
Әкімдіктің мәліметінше, 2023 жылы жерүсті ағын суын бұру үшін нөсер суын қабылдайтын 2,5 км магистральды желі салу жоспарланып отыр. Осыған дейін 200-ден астам проблемалы учаскеде су басу мәселесі шешілген.
Еске сала кетейік, кеше Астанада жаңбыр салдарынан бірқатар көшелерді су басқан болатын.