Пәкістанда муссон жаңбыры мен су тасқынынан қаза тапқандар саны 150-ге жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Табиғи апаттан 300-ге жуық адам зардап шекті

Пәкістанда 25 маусымнан бері жауған жаңбыр мен су тасқынынан кемінде 150 адам қаза тауып, 300-ге жуық адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

The News International басылымының жазуынша, елдің Табиғи апаттарды жою департаменті құрбандардың ең көп саны Пенджаб провинциясында (66) тіркелгенін мәлімдеген.

Жаңбыр мен су тасқыны провинциядағы ондаған үйді қиратып, шаруа қожалықтарына айтарлықтай шығын келтірген. Көптеген ауданды су басқан провинцияның астанасы Лахор мен Равалпинди қалалары жаңбыр мен су тасқынынан айтарлықтай зардап шекті.

«Елдің солтүстігіндегі Хайбер-Пахтунхва провинциясында шілдеде жаңбыр, лай көшкіні мен найзағай соққаннан кем дегенде 47 адам қаза тапты. Батыстағы Белуджистан провинциясы мен оңтүстік-шығыс Синд провинциясының ауылдық аймақтарынан да қаза тапқандар туралы хабарлар түсіп жатыр», - деп жазады басылым.

Ауа райы болжамына сәйкес, Пәкістандағы жауын 30 шілдеге дейін тоқтамайды.

Бұған дейін жаңбыр мен су тасқыны ондаған үйді қиратып, шаруа қожалықтарына айтарлықтай шығын әкелгенін, адамдар құрбан болып жатқанын жазған болатынбыз.