Шымкент қаласы әкімінің орынбасары ұсталды
Ол сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деп күдіктелуде
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың ұсталғаны белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді. 2023 жылғы 20 шілдеде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Прокуратураның үйлестіруімен жемқорлық жасады деген күдікпен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исаховты ұстады.
«Бұл факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру және барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.
Мақсұт Исахов 1974 жылы туған. Еңбек жолын ішкі істер органдарында бастап, кейін ҚТЖ-ға ауысқан. Сондай-ақ, Исахов ШҚО әкімі аппаратында жұмыс істеді, онда ол көлік және жол басқармасының басшысы, содан кейін Өскеменде әкімнің орынбасары болды.
Алматыда екі ведомствоның - жолаушылар көлігі мен жолдардың, кейінірек энергетика және ТКШ басқармасының бастығы болды. ҚР Президенті Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор қызметін атқарды.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына 2020 жылдың ақпан айында тағайындалды. Ол құрылыс, ТКШ, көлік және автожолдар, туризм, ақпараттық қауіпсіздік және Мемлекеттік қызмет салаларына жетекшілік етті.