Заңсыз құрылыс: Алматыда урбанистика басқармасының басшысы ұсталды
Заңбұзушылық салдарынан мемлекетке 307 млн теңгеден астам залал келген
Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы жер учаскелерін беру және объектілердің құрылысын келісу кезінде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Ол жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскелерінде, нысаналы мақсатына қарамастан және құрылыстың тығыздығын ескермей, жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі үшін 2020-2023 жылдары 3 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына заңсыз келіскен.
Соның салдарынан мемлекетке 307 млн теңгеден астам сомаға жер учаскелерінің төленбеген кадастрлық құны түрінде залал келтірілді», - делінген Антикор хабарламасында.
Бұдан басқа, 2020 жылы медициналық орталық пен ХҚКО-ның құрылысын заңсыз келісе отырып (инвестициялық жобаларды іске асыру түрімен), мүдделі тұлғалардың жекеменшігіне жер учаскелерін төмен құны бойынша одан әрі негізсіз беруге ықпал еткен. Шығын 180 млн теңгені құрады.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды.
«Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда, басқа лауазымды адамдардың қатыстығы тексеріліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жария етуге жатпайды», - деді ведомство өкілдері.