Ведомство Ұлттық заңнамадағы 30-дан астам құқықтық нормалардың конституциялылығын тексерді
Жыл басынан бері Конституциялық Сотқа азаматтардан 3,5 мыңнан астам өтініш келіп түсті, олардың 3,3 мыңға жуығы өтініштің нысаны, мазмұны мен шарттарына қатысты талаптарға сәйкес келмеді. Алайда өтініш берушілерге барлық кемшіліктер түзетіліп, өтініштер талаптарға сәйкес келтірілген жағдайда қайта жүгіну құқығы бар екендігі түсіндірілді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бүгінгі күні Конституциялық Сот судьялары 22 іс бойынша қорытынды шешім шығарды, оның 17-сі азаматтардың өтініштері бойынша, Президенттен – 3, Парламент депутаттарынан – 1, мемлекеттік орган өкілінің бір өтініші қаралды.
«Азаматтардың өтініштері бойынша 30-дан астам құқықтық нормалардың конституциялылығы қаралып, оның 5-і конституциялық емес деп танылды, 11-і осы Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Конституцияға сәйкес деп танылды.
Көбінесе қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің, сот жүйесі саласындағы заңнаманың және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларының нормаларына қатысты дау айтылды», - делінген хабарламада.
2023 жылғы 19 шілдедегі жағдай бойынша судьялар 15 өтініш бойынша заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің ережелерінің Конституцияға сәйкестігін тексеруде, келіп түскен қалған өтініштер судьялардың алдын ала зерделеуінде немесе «Конституциялық Сот туралы» Конституциялық заң бойынша талаптарға сәйкестігін тексеру сатысында.
Құқықтық актілер немесе олардың жекелеген нормаларының Конституцияға сәйкестігін қарау бойынша істерді, сондай-ақ қабылданған қорытынды шешімдері туралы өзекті ақпаратты Конституциялық Соттың ресми сайтынан сілтеме бойынша қарауға болады