Ведомство желіде тараған ақпараттың жалған екенін мәлімдеді
ҚР Қорғаныс министрлігі түріктің «Otokar» компаниясынан бронды техника сатып алғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«ҚР Қорғаныс министрлігі мен түріктің «Otokar» компаниясы арасында 2 трлн теңгеге жуық сомаға бронды техниканы сатып алуға келісім жасалғаны туралы әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл туралы Бүгінгі таңда түрік тарапымен бронды техниканы жеткізу бойынша ешқандай келісім жоқ», - деп атап өтті ведомство өкілдері.
Айта кетсек, «Otokar» компаниясы – бронды техника өндірушілерінің бірі ғана, оның үлгілері қызметке қабылдау ережелерінде бекітілген рәсімге сәйкес жалпы негізде қаралады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі бұған дейін хабарлаған болатын.
«Бұл ретте техниканың басқа да шетелдік үлгілері қарастырылады. Қазіргі уақытта аталған компанияның 8х8 бронды техникасының үлгісі отандық бронды техниканың үлгісімен қатар тәжірибелік сынақтардан өтуде», - делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.
Олардың нәтижелері бойынша техникалық талаптарға сай техниканың үлгісі айқындалатын болады.
«Қорғаныс министрлігі өз құзыреті шеңберінде мемлекеттің қорғаныс қабілетіне жауап береді және қару-жарақ пен әскери техниканың әртүрлі үлгілеріне қажеттілікке ие. Бұл ретте қорғаныс ведомствосы үшін үлгілерді таңдау кезінде отандық және халықаралық сарапшылар мойындаған өнімнің сапасына басымдық берілмек. Сондықтан әлеуметтік желілерде таралатын әртүрлі жалған ақпараттарға сүйенбей, тек тексерілген, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз», - делінген хабарламада.