Ыстық ауа райынан қайтыс болған әйелдер саны ерлерге қарағанда әлдеқайда жоғары болған
Өткен жазда Еуропадағы рекордтық аптап ыстықтан 61 мыңнан астам адам қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Nature Medicine журналында 10 шілдеде жарияланған зерттеуге сәйкес, 2022 жылдың жазындағы аптап ыстықтан көз жұмғандар саны 61 мыңнан асып кеткен.
Ғалымдар Еуростаттың 30 мамыр мен 4 қыркүйек аралығындағы кезеңде жүргізілген апта сайынғы адамдар өлім-жітімінің барлық себебіне қатысты деректеріне талдау жасай келе, осындай қорытынды шығарған.
«Жалпы осы кезеңде Еуропадағы рекордтық аптап ыстық салдарынан 61 672 адам қайтыс болған. Ал бұған дейінгі көрсеткіште Еуропа елдерінде осы кезеңдегі аптап ыстықтан шамамен 36 мың адам қайтыс болған», - дейді ғалымдар.
Ыстықтан көз жұмғандардың басым көпшілігі Италияда тіркелген. Бұл елде 18 мың адам ыстықтан көз жұмған. Одан кейін Испанияда – 11,300, Германия – 8,173 және Франция 4,807 адам өлімі тіркелген.
Бір миллион адамға шаққандағы көрсеткіш бойынша ыстықтан болған өлім-жітім саны Италия, Грекия, Испания және Португалияда жоғары болды.
Ыстық ауа райынан қайтыс болған әйелдер саны ерлерге қарағанда 56 пайызға жоғары болған.