$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Отандық кәсіпкерлер кәсіпорындарға мұқтаж

Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ

Отандық кәсіпкерлер кәсіпорындарға мұқтаж
Фото: ult.kz

Президент өзінің биылғы жолдауында ауыл шаруашылығы саласын көтеруді тапсырды. Мемлекет басшысы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауынан соң бірден жиын өткізіп, өзекті мәселелерді көтерді. Қайта жасақталған Үкіметтің алдында ауқымды саяси өзгерістің, көптеген салада түбегейлі реформалар жүретінін жеткізді. Мемлекет басшысы азық-түлік өнімінің тым төмен екенін, жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кететінін, жағдайды реттеуге Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз екенін де жайып салды.

 «Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. Мұны мұқият қадағалау қажет. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны. Оның үстіне, субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Әрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек», - деген еді жолдауда  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Azattyq Ruhy  Президенттің жолдауы бойынша қандай мәселер бар, мал басын өсіру мен оның өнімдерін өңдеу бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын екі облыс көлемінде анықтауға тырысып көрді. Мәселен, шаруа қожалықтары айтарлықтай көп өңірлердің бірі – Алматы облысы. Облыс әкімінің сөзінше, өңірде тек ұсақ мал басының өзі үш жарым миллионнан асып жығылады. Ал ірі қараның саны бір миллионға жуықтайды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтың айтуынша, мал өнімін өңдейтін орындар әлі де жеткіліксіз. Қазір өңір басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын, өңдейтін зауыттар ашу үшін инвестор тартумен айналысып жатыр.

«Оған байланысты жоспарларымыз бар. Өйткені бізде үш миллионнан астам ұсақ мал, миллионға жуық ірі қара мал бар. Көріп отырмыз, олардың терісі де, жүні де бүгінде дұрыс пайдаланылып жатқан жоқ. Ауыл шаруашылығы, жалпы мал шаруашылығы дамыған елдерде бұл субпродукциялар негізгі продукция болып есептеледі. Ал ет субпродукция болып саналады. Бізде олай емес, өкінішке орай. Әрине, оны дамыту үшін біз тері, жүн өңдеу зауыттарымен, инвесторлармен сөйлесіп жатырмыз», - деді Марат Сұлтанғазиев бізге арнайы берген сұқбатында.

«Ауыл Аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл халқының табысын арттыру мақсатында облыс бойынша 8,3 миллиард теңге бөлінді. Осы қаражатты тиімді пайдалану үшін әр өңірдің ерекшелігіне сәйкес ауыл шаруашылығы саласын дамытуымыз қажет дейді өңір басшысы.

«Ендігі жылы бұл бағдарламаға 14 млрд теңге қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Облыс бойынша төрт түлік малдың 65%-ы 133 жайлауда жайылады. Жайылымдар туралы заңға сәйкес, 2023-2024 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жоспары бойынша әр аудан әкімдігі жұмыс жасап жатыр. Көбінесе, сыртқы инвесторлар қызығушылық танытып жатыр. Бізде қазіргі уақытта өңдеу өндірісі жоқ. Бұрын Нарынқолда жүнді алғашқы өңдеуден өткізетін кәсіпорын болған. Қазір тоқтап тұр. Біз қайтадан іске қосу жөнінде қожайындарымен сөйлесіп көрдік. Әзірге нәтиже жоқ. Оған біраз қаражат керек. Кеген ауданында үлкен ет өңдеу зауыты салынып жатыр. Оларға етпен бірге жүн мен теріні де қабылдаса деген ұсыныс білдіргенбіз. Жалпы кәсіпорынның экспорттық потенциалы үлкен. Өңірде жүн, тері өңдейтін зауыт жоқ», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Ауыл шаруашылығы саласында тағы бір өзекті мәселе бар. Бұл сала да өте кенжелеп тұр. Шаруа қожалықтары тарапынан енді қолға алынып жатқан сала дамыса, экспорт арқылы мемлекетке өте көп көлемде қаржы кіргізуге жол ашылады. Ол ет өңдеумен қатар малдың ішек-қарнын да шетелге сату. Шетелдермен байланыс орнатып жүрген кәсіпкерлер ол жақтағы нарықты барынша терең зерттеген. Бүгінде оншақты елге ет экспорттаумен айналысатын кәсіпкердің бірі – Бақытжан Абдрасилов. Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы арқылы тек ҚХР нарығы арқылы-ақ елге миллиардтаған қаражат кіргізуге болады. Бірақ, ол үшін осы саладағы министрлік өз міндеттерін мінсіз атқарып қана қоймай, қоғамның да өзгеруіне үлес қосулары тиіс.  

«Қазір біз Қазақстанның қай мемлекетке ет жіберу құқығы болатын болса, сол мемлекеттердің барлығына өнімдерді экспорттау құқығымыз бар. Аккредитациясы бар кәсіпорынбыз. Шетелге жылына 2,5-3 мың тонна ет шығарамыз. Қытай, Қатар, Сауд Арабиясына, Бахрейн, Оман, Иран, Өзбекстан сынды елдер мен қалаларға ет өнімдерін жібереміз. Қазіргі уақытта Жапонияға ет жөнелту тоқтап тұр. Қазақстанда өкінішке орай, мал аурулары өте кең етек алған. Бұның себебі адамдар мамандандырылған кәсіпорындарда, арнайы цехтарда мал соймайды, сойғызбайды. Жайлауда, базарда, үйінің ауласында соя салып, өткізіп жатады. Егер бруцеллезбен ауырған мал болса, қаны тамған жерден басқа түлікке жұғады, не болмаса қарасанмен ауырса, малдың терісі қалған жерден басқа сау малдарға жұғады. Тұмау сияқты жайылып кете береді. Сол үшін мемлекет жылда пәленбай миллиард теңге бөліп, вакцинация жүргізеді. Қарасанға, аусылға қарсы екпе егеді. Бірақ бұл шараның нәтижесі жоқ. Ақша далаға кетеді. Бұл себеппен емес, салдармен күресу», - деп түсіндірді «MPS» мал өсіру және бордақылау кәсіпорнының директоры Бақытжан Абдрасилов. 

Мамандардың сөзінше, тек Қытайдың өзі жылына еттен бөлек, әлемнің әртүрлі елдерінен бір миллион тонна ішек-қарын сатып алады. Өңделген ішек-қарындардың құны етпен салыстырғанда әлдеқайда қымбат, әрі жоғары сұранысқа ие. Бірақ, бізде теріде, жүнде, ішек-қарында сай-салада қалады. Оны өңдейтін зауыттарда, жоғары технологиямен жабдықталған цехтарда жоқ. Осының салдарынан елімізде түрлі мал аурулары өте көп. Тіптен мыңдаған мал өсірген шаруаларды қойып, қорасындағы 3-4 сиыры, оншақты қойы бар ауыл адамдарының малын аурулардан қорғай алмай отырмыз.

«Оны жоюдың жолы – мамандандырылған ет өңдейтін орында сою. Бізде ондай жерлер бар. Бірақ нарықтық экономика болған соң, министрлік, әкімдіктер халыққа «малды арнайы жерге апарып сойыңдар» деп айтпайды. Шаруалар базарға апарып сатады. Бұл кәсіпорындардың қиындығы – қаржыға қол жеткізе алмайды. Шаруалардың малын сатып алатын ақшалары жоқ. Елдің малын базардағы алыпсатарлар  15, 20 пайызға арзанға сатып алады. Біздің еліміздегі мейрамханалар, кафелер, өзге де тамақтану орындары сол арзан етті алады. Шетелдерде малды туғаннан сойғанға дейін көріп отыратын база жасақталған. Ол бізде де бар, бірақ атүсті қаралады, ол база жұмыс істемейді. Бізде базардағы мал соятын орындардың бәріне мемлекет тарапынан тіркеу номерін беріп қойған, сонымен мал соятын орын сияқты көрінеді. Бірақ базарлар санитарлық талапқа сай емес. Ол жерде жүрген көпшілік ауруды жан-жаққа таратады. Мәселен, ірі қараның екінші асқазаны, қырыққабаттың 1 келісі Қытайда 25 доллар тұрады. Біз оны қоқысқа лақтырамыз. Өңдеу үшін кәсіпорын керек. Қырыққабат - малдың екінші асқазаны. Осы сияқты ішек-қарынын тазаламастан, лақтырып тастап жатамыз. Өйткені тиімсіз. Екі-үш бас сойып, оның ішек-қарынын іске жаратам деп жүрмейді. Ал жалпы, экономикалық тұрғыдан қарасақ, ол далаға тастап жатқан қаншама қаражат. Тиімді өңдеу үшін бір жерден сойылу керек. Бір жерде 200-300 бас мал сойылғанда ғана іске жаратуға болады. Малдың ішек-қарынын тазалайтын, жуатын, өңдейтін аппараттардың әрқайсысы 300-400 мың доллар тұрады. Бізде ондай зауыттар жоқ», - деді  кәсіпкер. 

Мәселен, БҚО-ның өзінде 3,5 мыңнан астам ірі шаруа қожалықтары бар. Бірақ, ол жақта да малдың етін, жүнін, терісін өңдейтін орындар жоқ. Шарулардың сөзінше, тері, жүн тек сайға көміледі. Ал бұлардың бәрі жеңіл өнеркәсіпті дамытуға қажетті дайын шикізат. 

«Бәріміз осында мал басын өсіріп, отбасын асырап, елге еңбек етіп жатқан халықпыз. Малдың терісін, етін өңдейтін орындар бар ма? Бізде Үкіметтен бастап «бүйтейік деп жатырмыз, сөйтейік деп жатырмыз» деген ғана айтатындары. Халық шаршап болды. Осы бәріміздің өсірген малымыздың терісі мен жүнін тек шұңқыр «көріп отыр». Қайда қарап отырсыңдар? Айттыңдар, зауыт, фабирка салынды деп, бірақ жұмыс істемейді. Біздің налитынымыз, өндірген өнімдерді өткізетін жер жоқ. Өзімізді өзіміз қорғамасақ, кім бізді қорғайды?! Нақты жұмысқа кірісетін уақыт болды. Ана жиналыс, мына жиналыстың бізге түкке де қажеті жоқ», – деді «Нарын» шаруа қожалығының жетекшісі Нағи Тәжімұратов. 

Президент жолдауында баса мән берген ауыл шаруашылығын дамытудың тиімді жолдарын іске асыратын мекеменің бірі – ветеринарлық бақылау комитеті. Шаруашылық саласында түрлі аурулардың таралуына жол бермеуі тиіс, қауіптердің алдын алатын бұл комитеттің жұмысына  шаруалардың көңілі толмайды.

«Қазір мал өнімдерін бізде өңдеп, Қытайға өткізу деген жоспар бар. Аусыл ауруы болғаннан кейін, Қытайдың қақпасынан өткізе алмай отырмыз. Малдың терісі, жүні қайда кетіп жатыр деген айғай-шу болып жатыр. Бұрын бұқаның терісі 7-8 мыңға сатылатын, қазір мың теңгеге алса алды, алмаса қоқысқа кетеді. Мұны өңдейтін кәсіпорын ана жерден үш тері, мына жерден бес тері жинап жүрмейді ғой. Жинап беретін, не болмаса ауқымды көлемде алып кетіп отыратын кәсіпорындар керек. Бізде ондай кәсіпорын бар. Бірақ жұмыс істей алмай отырмыз. Өйткені мемлекеттік бағдарламалар аясында халыққа түсіндіру дұрыс қолға алынбай келеді. Малдың ішек-қарны, бұқаның жұмыртқасы, өңеші қымбат бағада экспортқа шығарылатын дүние. Қытай жылда 1 миллион тонна малдың ішкі органдарын сатып алады. Біз осы нарықты қолдан шығарып алып отырмыз. Осыған көңіл бөліп, дамытуымыз керек. Ол үшін әр жерден мал союға рұқсат беруді тоқтату керек. Ветеринарлық комитеттің жұмысы әлі ақсап тұр. Бұл комитеттің тікелей міндеті. Біз жоғары жақтағы лауазымды адамдармен сөйлескенде айтатын уәжі: «Халық шулап кетеді». Егер халыққа тиімді етіп жасаса, неге шулайды? Бізге мал сойдыруға келгендерден ақысына тек «қоқысқа тастайтын» дүниесін алып қаламыз. Кейін оны өңдеп сатамыз. Малды тегін сойып береміз, тек бізге оның ішек-қарындарын тастап кетсе болды», - деді кәсіпкер.

Серіктес жаңалықтары