Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы 690 гектарға жетті
Аэровизуалды барлау жұмыстарының қорытындысымен жанып жатқан өрт ошақтары анықталмады

Атырау облысында Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы 690 гектарға жетті. Бұл туралы Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, бүгін, 9 шілдеде теңіз жағалауындағы қамыс өртінің аумағы тағы ұлғайған.
«Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауында өртенген қамыстың аумағы – 690 гектар. Аэровизуалды барлау жұмыстарының қорытындысымен жанып жатқан өрт ошақтары анықталмады. Алайда қамыс бықсып жатыр. Бүгін, 9 шілдеде 08:30 сағаттағы ақпаратқа сәйкес «Казавиақұтқару» АҚ-ның СТҚ-5 қондырғысы бар МИ-8 тікұшағымен 11 рет су төгілді», - делінген хабарламада.
Өртенген қамысты сөндіруге Атырау облысының Төтенше жағадайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан, «Казавиақұтқару» АҚ-дан 97 адам, 15 техника, 4 мотопомпа жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, Каспий жағалауында 6 шілдеден бері қамыс өртеніп жатыр.