Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр
Сайлауға төрт үміткер қатысады
Өзбекстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 8:00-де ашылып, жұмысын сағат 20:00-ге дейін жалғастырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy gazeta.uz басылымына сілтеме жасап.
Өзбекстанның ОСК деректері бойынша, сайлаушылар тізіміне 19 млн 593 мың 838 азамат енгізілді, 14 округтік сайлау комиссиясы, 10 784 сайлау учаскесі құрылды. Шетелде жүрген өзбекстандықтар үшін 39 елде 56 сайлау учаскесі ашылды. Қазақстан территориясында, атап айтқанда Астана, Алматы және Ақтау қалаларындағы Өзбекстанның дипломатиялық өкілдіктерінде сайлау учаскелері ашылды.
Сайлауға төрт үміткер қатысады. Экологиялық партия өз көшбасшысы Абдушукур Хамзаевты, Халықтық-демократиялық партия өз көшбасшы Ұлықбек Иноятовты, «Адолат» социал-демократиялық партиясы - Жоғарғы Сот төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Робахон Махмудовты, ал «Ұзлидеп» басқарушы партиясы - қазіргі президент Шавкат Мирзиёевті ұсынды.