Коронавирусқа байланысты «болашақтықтарды» қандай тәуекелдер күтіп тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір әлемнің 17 елінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша 853 қазақстандық білім алып жатыр

Бұған дейін «Азаттық рухы» ақпарат агенттігі коронавирус инфекциясының таралуына байланысты, елге оралу-оралмау туралы шешім қабылдауда қиындық көрген «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегерлерімен сөйлескен болатын.

Бүгін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова агенттігімізге эксклюзив сұхбат беріп, жаңа вирус салдарынан шетелде қалған отандастарымыздың жағдайы туралы, сол мемлекетте қалса немесе Қазақстанға оралса, «болашақтықтар»  қандай тәуекелге тап болуы мүмкін екенін айтып берді.

- Айнұр Бағдатқызы, 2020 жылдың наурызындағы мәліметке сай, қанша студентіміз «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білім алып жүр?

- Қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде 17 елде 853 стипендиатымыз оқып жатыр.

- Олардың ішінде алты айлық тіл курсына кеткен студенттердің саны қанша және негізгі оқуын жалғастырып жатқан студенттердің саны қанша?

- 853 стипендиаттың ішінде 78-і тілдік курс оқып жүр. Ал сол 78 студенттің 73-і алты айлық тілдік дайындықта оқып жатыр. Сонымен қатар, тағы 45 стипендиатымыз тағдылымдамадан өтіп жатыр.

- Коронавирус инфекциясы таралғалы бері ол студенттерді шетелге жіберіп отырған оператор ретінде «Болашақ» бағдарламасы қандай әрекет жасады? Олардың Қазақстанға келіп-кетуі бағытында қандай ұсыныстар айтылып, қандай шаралар жасалды?

- Жалпы, Білім және ғылым министрлігінің Халықаралық бағдарламалар орталығы «Болашақ» бағдарламасының негізгі әкімдеушісі ретінде 17 елде оқып жатқан барлық стипендиатымызбен қай кезде де байланыста. Байланыс орнатудың бірнеше тетігі бар. Халықаралық бағдарламалар орталығының арнайы елдік менеджерлері, яғни, кураторлары бар. Оқуды ұйымдастыру және мониторинг департаментінің әрбір кураторының қарамағында жүз, жүз елу, тіпті, екі жүзден асатын стипендиат бар. Біздің әрбір елдік менеджеріміз стипендиаттармен тікелей байланыста. Олармен байланыс электронды пошта, WhatsApp топтары арқылы орнатылған.

Екінші тетік – Facebook, Instagram, Telegram әлеуметтік желілерінде біздің ресми парақшалармыз бар. Бұл – әлеуметтік желілердегі сұрақ-жауап форматындағы байланыс. Мен де стипендиаттармен тікелей байланыстамын, олар маған сұрақтарын жолдап отырады.

Үшінші тетік – Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген, яғни коронавирус инфекциясы таралып жатқан тәуекелі жоғары елдердің үш санаты (1 А, 1 Б, 2)  бар.  Қазір 2-ші санатқа Ұлыбритания мен АҚШ қосылды. Осы екі елде біздің Орталықтың ресми өкілдері бар. Бүгінгі дерекке сәйкес, Ұлыбританияда қазір 408 стипендиат, АҚШ-та 311 болашақтық бар. Олармен тікелей байланыс орнатылған.

Төртінші тетік –  осы 17 елдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері төтенше жағдайға байланысты «болашақтық»  болсын, кез келген қазақстандық студентпен тікелей байланыста. Уақыт ерекшелігіне байланысты стипендиаттарымызбен тәулігіне 24 сағат, аптасына жеті күн форматында жұмыс істеп жатырмыз.

- Коронавирусқа байланысты «болашақтықтар» елге келеді деп айтуға бола ма? Әлде олар сақтық шараларын қолдана отырып, оқуын сол елде аяқтағаны абзал ма?

- Бұл сұрақтың жауабын мен атап өткен 17 елде білім алып жатқан 853 стипендиат неше университетте оқып жатқанынан және сол университеттердің нешеуі қашықтан оқуға өткені туралы мәліметтен бастайын. Бүгінгі таңда 853 стипендиатымыз 17 елдегі 169 ЖОО-да білім алып жатыр. Бүгінге сәйкес, сол 169 жоғарғы оқу орнының 133-і қашықтан оқу форматына көшкен. Сіз атап өткендей, әрине, АҚШ пен Ұлыбританияда бірқатар стипендиатымыз елге оралу мәселесін қозғауда. Бағдарламаның әкімшісі ретінде біздің айтатын бірнеше кеңесіміз бар.

Ең алдымен, әрбір стипендиат шешім қабылдар кезде (Қазақстанға оралу-оралмау туралы шешім – авт.) жоғарғы оқу орнының бағдары, оқу еліндегі үкіметтің бағдары, одан кейін сол оқу елінде орналасқан Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі: елшілігі, бас консулдығы немесе консулдығының бағдарын басшылыққа алуы керек. Стипендиат оқып жатқан жоғарғы оқу орны дәстүрлі оқу форматын қашықтан оқу форматына салыстырмалы түрде ұзақ мерзімге көшірген жағдайда және студенттерге елге қайту немесе қашықтан білім алуды елінде жалғастыруды өзіңіз шешесіз деген жағдайда, әрине, біз елге қайтамын деген стипендиатқа ешқандай тыйым сала алмаймыз. Бірақ оларға келесі тәуекелдер жөнінде ескертуіміз керек.

Біріншіден, бұл оқу елінен Қазақстанға жеткенше транзиттік елдерде вирусты жұқтыру тәуекелі. Бұл бір.

Екіншіден, елге оралғаннан кейін шығу еліне байланысты Қазақстанда карантинге орналастырылу тәуекелі.

Үшіншісі, қайтадан оқу еліне шығу шешімі қабылданғанда, оқу еліне кету/кіре алмай қалу тәуекелі.

Біз сол тәуекелдер туралы ескертеміз. Елге қайтамын деген азаматтарға тыйым сала алмаймыз. Бірақ, тәуекелдерді ескерту біздің міндетіміз.

- Осы тәуекелдердің арасында шәкіртақысы қысқарады немесе тоқтатылады деген тәуекелдер бар ма?

- Бұл сұраққа алдыңғы күні Мемлекет басшысы өзінің төтенше жағдайға байланысты халыққа үндеуінде жауап берді. Біздің жауабымыз да сол ұстанымның шеңберінде: төтенше жағдай барысында Қазақстан азаматтарының алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалады.

Қазақстанда коронавирус жұқтырған азаматтар арасында бірнеше студент бар екені белгілі. Олар «Болашақ» иегерлері ме, жоқ па, айта аласыз ба?

- Соңғы бір-екі апта ішінде оқуының аяқталуына байланысты елге оралып жатқан немесе оқу елінде қалып жатқан стипендиаттарымыздың арасында вирус жұқтырғандар жоқ.

Сұхбаттасқан: Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан