Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталуда
Абай облысы Бесқарағай ауданында анықталған есірткі алқабынан 4,8 мыңнан астам қарасора бұтасы тәркіленді. Бұл туралы Абай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, тәртіп сақшылары «Қарасора» жедел алдын алу шарасы барысында өз бақшасын есірткі алқабына айналдырған ер адамды ұстады.
Полицейлер Бесқарағай ауданының тұрғынынан 4,8 мыңнан астам қарасора бұтасын тәркіледі.
«Старая Крепость ауылының шетіне келген полиция қызметкерлері қоршалған алқапты байқады. Көп ұзамай 39 жастағы бақша иесі ұсталды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайы анықталуда», - делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 300-бабы 1-бөлігіне сәйкес (құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.