Көлік жүргізушісі мен тағы бір жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды
Жетісу облысында көліктің дөңгелегі жарылып, 20 жастағы жолаушы қыз қайтыс болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy полицияға сілтеме жасап.
BMW автокөлігінің 20 жастағы жүргізушісі Алматы-Өскемен тасжолының 192-шақырымында рульге ие бола алмай қалған. Салдарынан көлік аударылып кетті.
Оқиға орнында 20 жастағы жолаушы қыз көз жұмды.
Көлік жүргізушісі мен тағы бір жолаушы түрлі жарақатпен Сарыөзек ауруханасына жатқызылды.
Жол апаты автомобильдің нашар техникалық жағдайына, яғни талапқа сай келмейтін дөңгелектің жарылып кетуіне байланысты болды деп болжанып отыр.
«Құрметті жүргізушілер, өз көлігіңіздің техникалық жағдайын мұқият қадағалауды сұраймыз. Дөңгелектердегі «резеңкені» дер уақытында (жыл маусымына сәйкес) ауыстырыңыз. Жол ережесі мен рұқсат етілген жылдамдық режимін сақтаңыз. Автокөлікті басқару кезінде Сіз өзіңіз үшін ғана емес, сонымен қатар жолаушылардың, сондай-ақ жол қозғалысының басқа да қатысушыларының өмірі мен денсаулығы үшін де жауапты екеніңізді ұмытпаңыз», - деп ескертеді полиция.