Елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 44 адамға жетті
Алматыда кеше түнде карантинге жабылған «Сұңқар» тұрғын үй кешенінің жанындағы тағы үш үй оқшауланды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлімдеді.
Аталған тұрғын үйлер Достық көшесі, 42, Достық көшесі, 42 А, Қабанбай батыр көшесі, 68 мекенжайларында орналасқан. Бұл үйлерде тұратын адамдардың далаға шығуына тыйым салынған. Өйткені, тұрғындардың бірінен бұған дейін COVID-19 вирусы анықталыпты. Сондай-ақ, осы үйлерге жақын орналасқан азық-түлік дүкені де қоршауға алынған.
Айта кетейік, елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 44 адамға жетті. Алматыда – 19 жағдай тіркелсе, Нұр-Сұлтанда 25 адам ауырған. Қос қалада да 19 наурыздан бастап карантин енгізілді.