Үндістанда жол апаты салдарынан 15 адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ 20-дан астам адам жарақат алды

Үндістанның орталық Махараштра штатындағы Дуле ауданында жүк көлігі апатқа ұшырап, соның салдарынан кем дегенде 15 адам қаза тапты, 20 адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы Hindustan Times газеті полицияға сілтеме жасап хабарлайды.

Басылымның жазуынша, жүк көлігінің тежегіші істен шыққан. Жүргізуші тізгінге ие бола алмай, алдымен жолда келе жатқан екі мотоцикл мен жеңіл көлікті соғып, артынша жол шетіндегі қонақүйге барып соғылған.

Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қаза тапқандардың отбасыларына 200 мың үнді рупиясы (2,4 мың доллар) және зардап шеккендерге 50 мың үнді рупиясы (600 доллардан астам) көлемінде өтемақы төлейтінін мәлімдеді.

Еске салсақ, бұған дейін Үндістанның Махараштра штатында автобус өртеніп, соның салдарынан кем дегенде 25 адам қаза тапқанын хабарлаған болатынбыз.

Үндістан полициясы ұсынған статистикалық мәліметтерге сәйкес, жыл сайын ел жолдарындағы жол-көлік оқиғаларынан 110 мыңнан астам адам қаза табады.