«Өте қысқа болса да сапалы жұмыс істедік»: Ерлан Саиров VIII шақырылымның нәтижесі жайлы

Аягөз Құрмаш

Ол қоғамға үшін маңызды бірқатар заң қабылданғанын айтты

«Өте қысқа болса да сапалы жұмыс істедік»: Ерлан Саиров VIII шақырылымның нәтижесі жайлы

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Мәжілістің VIII шақырылымында қабылданған маңызды заң жобалары туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мәжілістің VIII шақырылымының жұмысы өте жоғары деңгейде өтті. Өте қысқа болса да, сапалы жұмыс істедік. Қоғамның күтіп отырған «Қоғамдық бақылау туралы», «Онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама туралы», «Заңсыз қолды болған активтерді қайтару туралы», Ұлттық қордан балаларға» деген заң жобалары келіп түсіп, жан-жақты қаралып, кейбірі қабылданды. Қазір «Қоғамдық бақылау» мен «Активтерді қайтару» туралы заң Сенаттан өтті. Жақында Президент қол қоюы керек. Бұл - еліміздегі әлеуметтік-экономикалық реформалардың негізі. Сондықтан бұл шақырылым өте сапалы болды деп айтуға болады», деді Саиров.

Мәжіліс депутаты «Онлайн-платформалар және онлайн жарнама туралы» және «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобаларының жұмыс тобының басшысы болғанын айтты.

«Бұл заңдарды қабылдаған кезде азаматтардың мұң-мұқтажын заң аясына енгізуге тарыстық. Мысалы, «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасында Назарбаев зияткерлік мектептеріне, «Самұрық-Қазына» компаниясына, әскери бөлімдерде қоғамдық бақылау орнату мәселелері қарастырылған. Ал заңсыз қолды болған активтер туралы заңға бастамашы болдық. Бұл еліміздегі әлеуметтік-әділеттілік принципін қалыптастырудағы негізгі қадамдар болды. Сонымен қатар, депутаттық сауалдарда бүгінгі жылу энергетика саласы, активтерді қайтару, ауыл шаруашылығы мәселелерін де жан-жақты айттық. Оны әрі қарай Үкіметпен бірге жүзеге асырамыз», - деді ол.

Депутат атағандай, каникул басталса да, депутаттар жұмысын жалғасытра береді.

«Өңірлерге шығамыз. Шығыс Қазақстан облысының Зайсан, Қатон-Қарағай, Марқакөл аудандарында, Өскеменде депутаттармен, жастармен кездесіп, өңірдің экономикалық дамуы мен көптеген аспектісін қарастырамыз», - деді Ерлан Саиров.

Мәжілісте қызу талқыға түсіп, пікірталас тудырған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасы болған еді.

«Заң жобасының басты мақсаты - онлайн-платформа және онлайн-жарнама мәселелерін құқықтық реттеу. Заң жобасы онлайн-платформалардың жұмысын Қазақстан Республикасының заң аясында жүйелендіріп, әлеуметтік желі қолданушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық айналымына енгізе отырып, осы саланы мемлекеттік реттеудің негіздерін қалыптастырады. Заңның міндеті - әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан Қазақстанның азаматтарын қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу. Аталған Заң жобасының басты новеллалары онлайн платформаларды реттеудің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді», - деген еді Саиров.

Ол атағандай, заңды қабылдау жұмыс тобына Мәжіліс депутаттарымен қатар мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығы өкілдері, әлеуметтік желіні қолданушылар кірді.

«Парламент Мәжілісінің барлық комитеті заң жобаларына оң қорытындыларын берді. Жұмыс тобының 15 отырысы өткізілді, онда 130-ға жуық түзетуді қарады, басым көпшілігі заң баптарына енгізілді, Комитеттің кеңейтілген отырысы өтті. Қазақстан Республикасы «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне онлайн-платформалар және онлайн-жарнама мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарын қабылдауды және оны Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберуді сұрайды», - деді Саиров.

Сонымен қатар, «Қоғамдық бақылау туралы» заң да қызу талқыланды. Бұл заң жобасына AMANAT партиясының депутаттары бастамашы болған.

«Қоғамдық бақылау» жөніндегі және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес дайындалды. Аталған заң жобалары мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған», - деген еді Саиров заң жобасын таныстыру барысында.

Ол атағандай, заң жобалары Палатаның 2022 жылғы 7 желтоқсандағы жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды.

«Заң жобалары «Самрұқ-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорында және оның еншілес компанияларында мемлекеттік әлеуметтік және ғылыми-инновациялық жобаларға, бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын ұлттық жобаларға қатысты, сондай-ақ Қор қайырымдылық көмек көрсеткен кезде қоғамдық бақылауды жүзеге асыру, «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» басқа да дербес білім беру ұйымдарын қоғамдық бақылау объектілеріне жатқызу, қоғамдық бақылау объектісіне барудан бас тарту негіздерін нақты айқындау;

- азаматтарға петиция беру құқығын тек электрондық нысанда ғана емес, қағаз түрінде де беру, петицияны орналастыру үшін қажетті дауыстар санын азайту, мемлекеттік органдардың петицияны қарау мерзімдерін қысқартуды қарастырады», - деді ол.

Сондай-ақ, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің, сондай-ақ әскери оқу орындары тәрбиеленушілерінің, ұландарының, кадеттері мен курсанттарының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін олардың отбасы мүшелеріне әскери бөлімдерге, оқу орындарына бару құқығын беруге бағытталған.

«Заң жобасының ең басты мақсаты - Конституцияға сәйкес азаматтардың мемлекет істерін тікелей басқаруға қатысуына жағдай жасау. Бұл еліміздің қоғамдық процестерінде орасан зор прогрессивті қадам», - деді ол.

Сонымен қатар, Ерлан Саиров Үкіметтің жұмысын аз сынамады. Ол қаржының игерілуін дұрыс қадағалау туралы да айтқан болатын.

«2022 жылы игерілмеген қаржы жалпы 325 млрд теңгені құрады. Бір жыл ішінде бюджет бойынша 8 түзету, 1 нақтылау жүргізілген. Тек жүргізілген түзетулердің нәтижесін 821 млрд теңгеге бюджет азайтылып, әкімшілердің шығыстары 628,5 млрд теңгеге қайта бөлінген. Яғни, парлементті бюджеттің нақтылауын есепке алмағанда, шамамен 1 трлн теңге. Бұл мәселе мемлекеттік органдардың, әкімшілердің бюджет қаражатын басқару деңгейі төмен екенін және бюджеттік тәртіптің ақсап тұрғанын көрсетеді. Осыған байланысты бұл Үкіметтің немқұрайлығынан болатын тәуекелдерді болдырмау үшін қандай шара қолданасыздар? Үкімет бюджетті басқарудың өзін тәртіпке келтіре алмаса, заң деңгейінде бюджетке түзетулер санын шектеу жөнгінде норма енгізу қажет пе?», - деп депутат Ерлан Саиров қаржы министріне сұрақ қойды. 

Бұл сұраққа Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев жауап берді. 

«Расында да, қаржы министрі ретінде кез келген қаржылық тәртіпке қатысты ұсыныстарды қолдаймын. Сіз айтып отырған түзетулердің барлығы заң бойынша жасалған. Ол қажеттілікпен объективті себептерге байланысты болып отыр. Бізде мемлекеттік аудит комитеті бар. Былтыр олар 5,2 трлн бюджет қаражатына 2,3 мың аудиторлық шара жүргізді. Қаражатқа тиісті бақылау бар. Тиісті мемлекеттік және квазимемлекеттік органдарға тексеру жүргізіледі. Сіз айтып отырған мәселелер Президенттің тапсырмасы мен өзге де мақсаттарға жұмсалды. Бұл жердегі негізгі себеп тиісті қаражат жетпей жатқан нысандарға, объектілерге бос жатқан қаражатты дер кезінде жұмсау керек. Бюджетті тиімді жұмсау бойынша іс-шараларды қабылдап жатырмыз», - деді ол.  

Өз кезегінде Ерлан Саиров бюджетті игерудегі тәртіпсіздік халықтың әл-ауқатының төмендеуіне алып келетінін айтты. 

«Бюджетті есептеуде болжау тетіктері болуы керек. Бюджетті өзгертіп, қаржыны түсіресіздер. Мердігерлер ол қаржыны игерей алмай жатады. Бұл - өте үлкен проблема. Оны заң жүзінде реттеу керек», - деді ол.

Бірінші сессия небәрі 100 күнге созылды. Сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қызметіміздің негізгі бағыттарын айқындап берген еді. Бұл сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы болды. Сенаттың 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті.Онда 120-дан астам мәселе қаралды.Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болды, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.