Елордада жылу тапшылығы бола ма - Мәжіліс депутаттары газ қазандығына барды
Бір апта бойы халық қалаулылары жылу және су қазандықтарын араламақ
Мәжіліс депутаттарының өңірлер бойынша жоспарлы сапарлары басталды. Елордада жұмыс істейтін «AMANAT» партиясының атынан сайланған бір топ депутат каникулдағы алғашқы сапарын Астана қаласындағы «Оңтүстік-шығыс» аудандық газ қазандығының құрылысын бақылаудан бастады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәжіліс депутаттары Дүйсенбай Тұрғанов, Самат Нұртаза, Павел Казанцев және Дәулет Мұқаев елордадағы газ қазандығының жұмысымен танысып, құрылыс нысанының қашан аяқталатынын бағамдады.
«Оңтүстік-шығыс» аудандық газ қазандығы қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бас мердігер компания- «Казстройподряд» ЖШС. Жобаның құрылысы 2022 жылдың III тоқсанында басталған. 2023 жылдың қарашасында жоба толық пайдаланылуға берілмек.
«Казстройподряд» ЖШС бас директорының орынбасары Әділхан Әбілдиннің айтуынша, қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүріп жатыр.
«Биылғы жылыту маусымына жылу жүйесін қосып беру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қазан айында 190 Гкал жылу беріледі. Бұл жүйе тәуелсіз жүйе, сол себепті қазандықтар дербес түрде жұмыс істей береді. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған соң жылу жүйесін қалаға қосып отырамыз. Сол жағалаудағы аудандарды қамту жоспарланып отыр. Біз Орталық жылу энерго орталығынан келген суды әрі қарай ысытып жібереміз. Біз дәнекерші ретінде жұмыс істейміз. Бұл қазандыққа қосылмайды. Яғни, құбыр дербес жұмыс істейді. Бұл-немістің жаңа технологиясы. Қазір жұмыстың 40 пайызы орындалды. Қазан айына дейін үлгереміз», - деді Әбілдин.
Оның айтуынша, жоба аясында сорғылар, құрылыс-монтаждық жұмыстар бар.
«Жобаның жалпы құны 28 млрд теңгеге шығып отыр. Бұл ішкі жұмыстарға бөлінген қаражат. Сыртқы жұмыстарға құбырлар мен электр жүйесі жатады. Бұл жұмыстарға 2 млрд теңге бөлінді. Құрылыс нысанында қазір 120 адам еңбек етіп жатыр. Олар - дәнекершілер, құрылысшылар, сыртқы жұмыстарды атқарып жатқан мамандар. Ол жұмыстар аяқталғаннан кейін инженерлік жұмыстар басталады», - деді Әділхан Әбілдин.
Құрылыс нысанына келген Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың айтуынша, қазандықтың қуаты 350 Гкал болады.
«Салыстырып көрсек, қазір салынып жатқан ЖЭО-3-тің қуаты бар болғаны жылу жағынан 420 Гкал. Мамандар айтып отырғандай, 4 млн текше метр тұрғын үйдің құрылысына осы қазандық арналып отыр. Жалпы бұдан басқа тағы «Тұран» газ қазандығы іске қосылғалы жатыр. ЖЭО-3-тің күшімен есептегенде 1500 Гкал іске қосылады. Соңғы жылдары қалада болып жатқан жылу тапшылығы жойылады. Тіпті 2-3 жыл бойы профицит болмақ. Бұл құрылыс 1-2 айда іске қосылады. Яғни, бұл қазандықтардың барлығы іске қосылса, қыста тұрғындар жылусыз қалмайды», - деді ол.
Тұрғанов қалаға газ келгеніне 1-2 жыл ғана болғанын айтты.
«Кемшіліктер біртіндеп жойылып жатыр. Олқылықтар болса, жөндеу жұмыстары орнымен болып, барлығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар деп ойлаймын», - деді ол.
Ал «Ақжол» ЖШС жобасының техникалық директоры Жәнібек Мұхамбетәлі 3 жыл бойы бұл нысанды жобалағанын айтты.
«Нысанда жылудың тапшылығы шешіледі. Технология есебінен газды үнемдеу де аса маңызды мәселе. Жобаны нысанға беруде алғышартты қауіпсіздік пен ашықтық құрайды. Жылу тетіктері бұл нысанда жабық контурда жүзеге асырылған. Яғни, жылу желісіндегі су қазандықтың ішіндегі суға қосылмайды. Қазандықтың ішіндегі су қазандықтың өзіне өтпейді. Сол себепті қазандықтардың сапасы жақсы, 20 жыл қызмет ете алады. Ал кеңестік жүйе бойынша жылу жүйесіндегі барлық су қазандыққа құяды. Қазандықтарда су ысып, қондырғы мерзімінен бұрын ескіреді», - деді ол.
Маманның айтуынша, бұл жүйе қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
«Мысалы, қазандықтың біреуін жөндеу керек болса, оны дербес түрде жүзеге асыруға болады. Яғни, ол еуропалық технология бойынша салынған. Тапсырыс беруші алғашынан газ үнемдеуді жолға қоюды сұрады. Қазандық жылына 80 текше метр газ тұтынады. Ал таңдалған қондырғы бойынша 6-7 пайызға үнемдеп отырады», - деді ол.
Өз кезегінде депутат Павел Казанцев осындай 3 нысан салынып жатқанын айтты.
«Қала өткен жылы күрделі жылу тапшылығы форматында болды. Бұл нысандар іске қосылған соң тұрғындар тұрақты жылу мен сумен қамтамасыз етіледі. Жылумен қамтамасыз ету мәселесі газдың Астанаға жетуімен шешіледі. Энергия айналдыратын 3 нысан салу мақсаты қойылды. Осы қазандықтар іске қосылса, қыста жылу тапшылығы болмайды. Тағы екі қазандық іске қосылса, тұрғын үй құрылысын кеңейте аламыз. Біз өткен жылғы күзде бюджетті талқылау барысында бұл нысанға қаржы жетіспеу мәселесі болды. Біз Үкіметпен бірлесіп нысанның құрылысына қосымша қаражат бөлуді келістік. Қазір жобаның басшылығы қаржыландыру мен қондырғыларды жеткізу бойынша проблема жоқ екенін айтып отыр. Тамыз айының соңында мен тағы келіп жұмысты бақылаймын. Себебі қазан айында қазандықтар іске қосылуы керек», - деді Казанцев.
Еске салсақ, Мәжіліс VIII шақырылымның жұмысын аяқтап, каникулға кетті. Бүгіннен бастап депутаттардың өңірлерге сапары басталды.