СҚО-да міндетін тиісті деңгейде орындамаған аудан әкімдері қызметінен босатылады

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс әкімі әлеуметтік-экономикалық даму бойынша көш соңында қалған аудандардың әкімдері жұмыстан босатылатынын мәлімдеді 

Солтүстік Қазақстан облысында өз міндетін тиісті деңгейде орындай алмаған кейбір аудандардың басшылары қызметінен босатылады. Әкімдікте өткен жиында Қызылжар өңірінің 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы таразыға тартылды. Облыс әкімі көш соңында қалған аудандардың әкімдері жұмыстан босатылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жиында сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аграрлық секторға тоқталды. Мал шаруашылығында өндіріс көлемі 103,2 пайызға артқан. Алайда қайта өңдеу саласы ақсап тұр. Өнім шикізат күйінде саудаланудан әрі аспайды.

«Мемлекет тарапынан қаражат бөлініп жатыр. Алайда жұмыстың жемісін көріп отырған жоқпыз. Алғашқы жартыжылдықтың қортындысы бойынша дұрыс жұмыс істей алмаған аудан әкімдері сөгіс алды. 9 ай бойынша да аппарат тиісті ұсыныстарды жасасын. Қайта сөгіс алатын болса, лауазымына сәйкес емес дегенді білдіреді. Бұл жағдайда қызметінен кету туралы арызды жазу керек. Бұл басқармалардың басшыларына да қатысты», - деді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Жиында айтылғанындай, облыста құрылыс қарқыны төмен. 9 айдың қорытындысы бойынша бұл салада 57,9 млрд теңгенің жұмысы атқарылған. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 98 пайызға төмен. Айыртау ауданы бюджет қаражатын толық игере алмай отыр. Аудан басшылығы барлығын мердігер компанияға сілтейді. Жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмаған мектеп, балабақша мен жолға қатысты ешқандай шара қолданылмаған.

Петропавл қаласының әкімдігі де қазынадан бөлінген ақшаны ұқсата алмай отыр

«Жолды жөндеуге бөлінген 700 млн теңге игерілмеді. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінде бастық болған жоқ. Міндетін атқарушы жұмыс істеді. Конкурс өткізіп, жаңа адамды қызметіне тағайындадық. Ақшаны тез арада игереміз», - деп ақталды қала әкімі Болат Жұмабеков.

6 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді орындамаған Шал ақын, Жамбыл және Мамлют аудандарының әкімдеріне сөгіс жарияланған болатын. Құмар Ақсақалов шенеуніктер осы жолы қатаң жазаланатынын ескертті.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО