Мемлекеттік кеңесші «AMANAT» ұйымдастырған мәслихат депутаттарының форумында сөз сөйледі
«AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алғашқы республикалық форумында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сөз сөйледі. Форум жұмысына барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарымен қатар, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ерлан Қарин өз сөзінде Мемлекет басшысының Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінің тұжырымдамалық жолдауларына тоқталды.
Саяси мәдениеттің дамуы туралы айта келе, Мемлекеттік кеңесші кейбір партияның тәжірибесіздігінен немесе шамадан тыс амбициясы салдарынан ара-тұра саяси эгоизмге ұрынып жататынын атап өтті. Ондай партиялар басқа партиялар айналысатын мәселелер мен тақырыптармен айналысудың қажеті жоқ деп санайды. Алайда жалпыұлттық мәселелерден алшақтап, саяси қателіктерге бой алдырады.
Ерлан Қарин сондай-ақ елімізде синтетикалық есірткіге қарсы күрес, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, балалар зорлық-зомбылығының алдын алу сияқты жалпыұлттық тақырыптардың айтарлықтай көп екеніне назар аударды.
Бұл мәселер жаңа жалпыұлттық күн тәртібіне, президенттік реформаларды жүзеге асыруға тікелей қатысты екені айтылды.
Мемлекеттік кеңесші «AMANAT» партиясы өзінің мол тәжіриесі мен саяси жауапкершілігінің арқасында халықты толғандырған мәселелерді шешуге әрқашан атсалысуға дайын екенін атап өтті.
«Ол партиялық ұстанымға айналды. Туындаған қиындықты өзінікі немесе өзгенікі деп бөлмеу – бұл жауапты саяси мәдениеттің көрінісі», - деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші.
Е. Қарин басқа партиялар «AMANAT» партиясынан саяси жауапкершілік қағидатын қабылдауы керек деп есептейтінін айтты.
«Ұлттық мәселелерді шешу – бүкіл қоғамның ісі. Оны партиялық немесе басқа идеологиялық бағыт бойынша бөліп қарастыруға болмайды», - деді ол.