Халықтың мұң-мұқтажын заң аясында шешу – баршамыздың міндетіміз – мәслихат депутаты
Ол Жаңаөзендегі еңбек даулары туралы айтты
Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Асқар Ноғаев «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының республикалық форумында сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Бізге мұнай-газ кешені саласының жұмысшылары мен кәсіподақ ұйымдары да жиі өтініш-ұсыныстарымен шығады. Әсіресе, еңбек даулары жиі өтеді. Міне, осындай даулардың бел ортасында «AMANAT» партиясының депутаты ретінде халықпен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап, билікке ұсыныстарын жеткізіп, өз деңгейімізде шешуге үлес қосып келеміз», - деді депутат.
Ол депутаттар да халықтың бел ортасынан шыққанын айтты.
«Жерлестеріміздің көзіне тік қарай аламыз. Ар-ожданымыз таза. Ал халыққа адал қызмет ету, олардың мұң-мұқтажын заң аясында қарап, шешу, сенімін ақтау – осында отырған баршамыздың міндетіміз. Сондықтан әрқайсымыз ел мүддесі үшін, кемелді келешек үшін жұдырықтай жұмылып, жұмыс істеуіміз керек», - деді ол.
Айта кетейік, еліміздің барлық өңірінен Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция мүшелері саяси іс-шараға жиналды. Бүгінгі форумға жалпы 2500-ден астам партиялас қатысты. Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыру аясында өңірлерді дамыту, сондай-ақ мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту мәселелері талқылады.