Ол фракцияның назар аударауы керек бастамаларды баса айтты
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алғашқы республикалық форумында фракция қалай жұмыс істеуі керегі жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Келесі мәселе – Фракциялар. Фракция қалай жұмыс істеуі керек және ол депутатқа не береді? Бұл сұраққа жауап беру үшін фракциялардың ролі мен қызметін жаңаша қарастыру керек. Мәжілісте біз осы жолдан өтіп жатырмыз. Мәслихаттармен бірге Парламенттің төменгі палатасы да 70 процентке жаңарды. Саяси бәсекелестік күшейді. Жаңа партиялар, өзін-өзі ұсынған жаңа депутаттар келді. Тиісінше, біздің партия да жаңа жағдайда жұмыс істеп жатыр. Ұзақ жылдан бері біз шынайы бәсекелестікті сезіндік. Электоралды алаң да, көңіл-күй де өзгерді. Бұл парламенттегі плюрализмді күшейтті. Бірақ, Парламенттегі саяси көзқарастардың өзгешелігі біздің ішкі бірлігімізге, мемлекет, қоғам алдындағы жауапкершілігімізге сызат түсірген жоқ. Бұған біз фракциямыздың тұрақтандырушы ролі мен бірлігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Саяси бәсекеде «жалғыздың үні шықпайтынын» біз жақсы түсінеміз. Сондықтан, Парламенттегі басымдығымызды артықшылыққа айналдыра білдік. Мәслихаттардағы фракциялар да осы тәжірибеге сүйенсе болады», - деді Қошанов.
Мәжіліс спикері фракцияның өз ішінде біртұтас ұстаным қалыптастыру маңызды екенін айтты.
«Бірыңғай ұстаным пікірталастың жоқтығын білдірмейді. Талқылау мен пікірталас ауадай қажет. Бірақ, ол Фракция шеңберінде жүргізілуі керек. Және кез келген шешім нұсқау арқылы емес, ортақ келісіммен қабылдануы шарт. Естеріңізде болсын, саяси күресте фракцияның ұстанымы әрқашан бір болуы тиіс. Партиялық жауапкершілік пен тәртіп дегеніміз – осы. Бұл – барлық демократиялық мемлекеттердегі партиялардың базалық принципі. Сонымен қатар, мажоритарлы және пропорционалды жүйемен сайланған депутаттардың өзара іс-қимылын, ынтымағын арттыру да өзекті мәселе. Тағы да қайталап айтайын: Біз – бір командамыз! Партиялық тізіммен және бір мандатты округтен сайланған депутаттардың құзыреті де, жауапкершілігі де бірдей. Бір мандатты депутаттар халықтың сенімімен, партияның қолдауымен сайланған. Сондықтан, партия сіздерді жалғыз қалдырмайды. Бұған дейін де қолдап келгенбіз және қолдай береміз. Өйткені, әр депутаттың уәдесі – партияның да уәдесі. «AMANAT» жауапкершілікті әр депутатпен бірге бөліседі», - деді Ерлан Қошанов.
Ол Мәжіліс пен мәслихаттардың байланысы да аса маңызды екенін атап өтті.
«Енді Мәжіліс пен Мәслихаттардың байланысы туралы. Мәжіліс пен Мәслихаттар жұптасып, пәрменді жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін өзара байланысты барынша нығайтамыз. Біріншіден, Мәжіліс фракциясындағы заң жобалары міндетті түрде өңірлік фракцияларда талқылануы қажет.Екіншіден, өңірдегі депутаттар өзекті мәселелерді жиі көтереді. Сондықтан, біз мәслихат депутаттарын Мәжілістегі жұмыс топтарына, партиялық алаңдар мен жобаларға белсенді түрде тартып жатырмыз.
Бұл тәжірибе жалғасады. Үшіншіден, Форумға дайындық кезінде арнайы сауалнамалар жүргіздік. Онда Мәжілістің, қоғамдық кеңестер мен фракциялардың қатысуымен Орталық аппаратта стажировкалар ұйымдастыру мәселесі жиі көтерілді. Жақсы үрдіс, бұны мен қолдаймын. Партиялық менеджмент академиясына осы жұмысты жедел қолға алуды тапсырамын», - деді ол.