Орталықта болу мерзімі 1 айдан 6 айға дейін
Зорлық-зомбылыққа тап болған аналар «Үміт» дағдарыс орталығына хабарласа алады. Бұл туралы «Үміт» дағдарыс орталығы» КММ директорының әлеуметтік жұмыс бойынша орынбасары Шынар Кәкімова айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Үміт» дағдарыс орталығы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы жанындағы комиссияның шешімі бойынша Орталықта болу мерзімі 1 айдан 6 айға дейін», - деді ол.
Дағдарыс орталығына 18 жастан 58 жасқа дейінгі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары, оның ішінде қатыгездікке ұшыраған, өз бастамасы бойынша, білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының жолдамасы бойынша және олардың кәмелетке толмаған балалары қабылданады.
Сондай-ақ, Шынар Кәкімова орталықта ойын бөлмесі, оқу бөлмесі, кір жуатын орын, еңбек терапиясы бөлмесі мен балалар ойын алаңы бар екенін айтты.
Орталық мәліметінше, осы уақытқа дейін 2167 мұқтаж жан орталықта тұрды. Оның 712-сі әйел, 1455-і бала. Ал биыл орталыққа 49 адам тұруға келді. Оның 13-і әйел, 36-сы бала.
Сондай-ақ орталықта психологтар, заңгерлер, медбикелер, әлеуметтік қызметкерлер әйелдермен және балалармен жұмыс істейді.
«Орталыққа түскен сәттен бастап психолог әйелдермен және балалармен жұмыс істейді. Маман қорқыныш, агрессия және мазасыздықты жеңілдету үшін жеке психологиялық сессиялар өткізеді. Туындаған отбасылық мәселелерді шешуге және олардың қайталануын болдырмауға көмектеседі», - деді ол.
Сонымен қатар, Шынар Кәкімова орталықта тұру – тегін екенін тілге тиек етті. «Күніне төрт мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ төсек-орын жабдықтарымен, сабын-жуғыш заттармен, гигиена құралдарымен, жөргектермен, төрт мезгіл тамақпен, 3 жасқа дейінгі балалары бар әйелдер - міндетті қосымша балалар тамағымен яғни шырындар, ботқалар, пюре, емшек сүтін алмастырғыштар беріледі», - деді ол.
Сондай-ақ ол бөлмелердің толық жиһазбен қамтылғанын айтты.