Ресей Қорғаныс министрлігі «Вагнер» жауынгерлеріне үндеу жасады
Министрлік жауынгерлерді Пригожиннің арандатуына ермеуге шақырды
Ресей Қорғаныс министрлігі шұғыл мәлімдеме жасап, «Вагнер» жауынгерлерін Пригожиннің арандатуына ермеуге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Сіздерді Пригожин әскери төңкеріске алдап тартып жатыр. Көптеген жолдастарыңыз қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көмек сұрап, өз қателіктерін мойындады. Біздің тараптан оларға көмек көрсетілді. Біз сақтық танытып, Ресей Қорғаныс министрлігінің немесе Құқық қорғау органдарының өкілдерімен мүмкіндігінше тезірек байланысуларыңызды сұраймыз. Біз сіздердің қауіпсіздіктеріңізге кепілдік береміз», - делінген хабарламада.
Бұған дейін Ресейдің Бас прокуроры Игорь Краснов ел президенті Владимир Путинге қарулы көтеріліс ұйымдастыруға байланысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімдегенін жазған болатынбыз.