$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекет басшысы Зүлфия Сүлейменованы қабылдады

Министр Президентке орман шаруашылығы мен жануарлар әлеміне  қатысты мәселелер жөнінде есеп берді

Мемлекет басшысы Зүлфия Сүлейменованы қабылдады
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Президентке еліміздегі вегетациялық кезең барысы және орман шаруашылығы мен жануарлар әлеміне  қатысты мәселелер жөнінде мәлімет берілді. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа орман шаруашылығын материалдық-техникалық тұрғыдан  жабдықтау, соның ішінде техника сатып алу және ықтимал орман өртін алдын ала анықтау жүйелерін орнату  бойынша қабылданып жатқан шаралар жөнінде баяндалды.

Зүлфия Сүлейменова Мемлекет басшысына табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелеріне қажетті өртке қарсы құрал-жабдықтар мен техникалардың тізімін кеңейту үшін тиесілі нормаларды жаңарту жұмыстары басталғанын айтты.

Бұдан бөлек, Экология және табиғи ресурстар министрі негізгі өзен бассейндеріндегі, әсіресе, еліміздің оңтүстік аймақтарындағы су тапшылығы жағдайында вегетациялық кезеңнің қалыпты өтуі үшін қабылданып жатқан шаралар жөнінде  мәлімет берді. 

Кездесу соңында Президент табиғатты қорғау бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын күшейту ісін кешенді түрде жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.  

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатты қорғау заңнамасының бұзылу фактілерін анықтап, оларды жою үшін  құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу қажеттігіне назар аударды. Сондай-ақ қажет жағдайда құқық бұзушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек екенін атап өтті.

Серіктес жаңалықтары