Есқараев мүлік иелерінің бірлестігіне қанша үй қосылғанын айтты
Мүлік иелерінің 4 бірлестігін тіркеу сәтті жүргізілген
Әділет министрі Азамат Есқараев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мүлік иелерінің бірлестігі туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мүлік иелерінің бірлестігін (МИБ) құру, оның қызметі және оны тіркеу аясында электрондық дауыс беру бойынша пилоттық жобаның бастамасы туралы жеке хабардар еткім келеді. Қазіргі уақытта жалпы жиналыс хаттамаларында тұрғындардың қойған қолдарын бұрмалау мәселесі баршылық. Бұл тұрғындардың органдар мен сотқа жүгінуіне әкеледі», - деді ол.
Министр атағандай, тұрғындардың қолдарын жинау процестерін автоматтандыру, дауыстарды автоматты түрде санау, кворумды тексеру және электрондық хаттаманы қалыптастыру мәселені шешеді.
«Сәуір айында пилоттық жоба бүкіл республика бойынша іске қосылды. Жобаға 100-ге жуық үй қатысып, мүлік иелерінің 4 бірлестігін (МИБ) тіркеу сәтті жүргізілді, 20 үй электрондық дауыс беруді өткізуге өтінімдерге бастамашылық жасады.Тұрғындардың электрондық дауыс беруі арқылы Мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) төрағасын ауыстыру процесін автоматтандыру жұмыстары аяқталуға жақын», - деді Есқараев.