Аманаттықтар Жамбыл облысындағы ауыл емханаларының құрылысын бақылауға алды
Партиялықтар өңірлік сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан медициналық нысандарды аралады
Партиялық бақылау бекеттері өз жұмысын белсенді жалғастыруда. Осы аптада «AMANAT»-тың Жамбыл облысындағы мүшелері өңірлік сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан медициналық нысандарды аралады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Партиялықтар Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның салыну барысын тексерді. Құрылыс биыл 10 сәуірде басталып, бюджеттен 272 млн теңге бөлінді. Мердігер компания өкілдері жұмысты тамыз айында толық аяқтаймыз деп отыр.
Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында орталық аудандық емхана, сондай-ақ әрқайсысы 60 пәтерден тұратын төрт тұрғын үй салынуда. Қазіргі уақытта мұнда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынуда.
«Осы нысандарда біз партиялық бақылау бекеттерін аштық. Бұл бақылау бекеттері құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақтылы берілуін бақылауға алады. Осылайша, жергілікті жерлерде партия сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына жүйелі бақылау күшейеді», – дейді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы партиялық бақылау инспекторы Ерғали Омаров.
Бүгінде Жамбыл облысында барлығы 40 партиялық бақылау бекеті жұмыс істейді.
Айта кетейік, «AMANAT»-тың сайлауалды бағдарламасы аясында ел аумағында салынып жатқан нысандарда партиялық бақылау бекеттері ашылып жатыр. Әрбір нысанда шағым немесе өтініш жіберуге болатын жауапты тұлғаның байланыс нөмірлері көрсетілген техникалық паспортқа ұқсас тақтайша орнатылады. Жұртшылықты көптеп тарту және партиялық бақылау бекеттері жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында оның құрамына мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың және БАҚ өкілдері, блогерлер, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен белсенді мүшелері кірді.