$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық Құрылтайға 400-ден астам ұсыныс түсті - сенатор

Ұлттық Құрылтайдың алғашқы күні үш ауқымды жиын өткізілді

Ұлттық Құрылтайға 400-ден астам ұсыныс түсті - сенатор

Ұлттық Құрылтайдың   мақсаты - ұлтты, қоғамды ұйыстыру. Елді мазалаған мәселелер туралы тек қана билікте жүргендерден немесе Парламентте отырған адамдардан бөлек,  халықтың пікірін де білу. Халықты  мазалайтын сұрақтарды шешудің жолдарын талқылау. Күрделенген мәселені бірге шешуге ұмтылу. Сенаторлардың сөзінше, құрылтай құр жиналу емес,  проблемаларды талқылайтын ұлттық деңгейдегі маңызды жиынға айналуы тиіс, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бір жыл бұрын Ұлытауда өткен Құрылтайда айтылған мәселелер бойынша бірнеше заңдарға өзгерістер енгізіліп жатыр. Бастамашыл топтар құрылды. Басты жаңалық - арнайы «Құрылтай» мобильді  қосымшасы пайда болды. Бұл қосымшаға қазақстандықтардан 400-ден аса ұсыныстың келіп түсуі қоғамда үлкен өзгерістің басталғанын білдіреді. Халық өзінің пікірін еститін тікелей орынның бар екенін, ол ұсыныстардың нақты жүзеге асатынын біледі. Қазір сол 400 ұсыныс зерделеніп жатыр. Оның ішінде қоғамға ең пайдалысы таңдалып, нақты шешімдер қабылданады»,- деді сенатор Бибігүл Жексенбай.

Ұлттық Құрылтайдың алғашқы күні үш ауқымды жиын өткізілді. Қоғам қайраткерлері мен билік өкілдері еркін форматта күні бойы түрлі тақырыптарды талқылады.  Құрылтайға қатысушылар ұсыныстарын ортаға салды.

«Әрқайсысы қоғамда орны бар, өзекті мәселелерді қозғады. Бірақ соның ішінде халыққа пайдалы, болашаққа қажетті деген екі-үш ұсынысқа назар аудардым. Соның бірі - еңбекке деген көзқарас. Өзім де осы мәселені көтердім. Құрылтай мүшесі еңбек адамдарына деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Мұны мемлекет басшысы да талай ескерген болатын. Оны өзгертетін нақты тетіктер: Еңбек кодексіне өзгеріс енгізу,  не болмаса бөлек еңбек министрлігін құру  керек. Балаға жастайынан еңбектің мән-мағынасын түсіндіру, қоғамды алға жылжытатын тек қана еңбек екенін санасына сіңіру керек. Ол үшін еңбек әділ бағалануы керек. Егер адамның еңбегі дұрыс бағаланса, бір жұмыстан шығып, кешкісін тағы жұмыс істеу деген болмас еді. Әріптестеріміз айтып жатыр, Еңбек кодексі жұмыс берушінің мүддесіне қарай жасалған. Оны қоғам санасынан да, заң тұрғысынан да өзгертуіміз керек. Екінші мәселе, адамдардың құқықтық сауаттылығы. Көпшілік заңды бұзғанда да, өзінің құқығын білмегендіктен бұзады. Құрылтай мүшесі бастама көтеріп, құқықтық сауаттылық бойынша арнайы ұлттық бағдарлама жасалып жатқанын айтты. Бұл да бір құрылтай мүшелерінің нәтижелі жұмыс істеп жатқанын көрсетеді»,  - деді сенатор.

Жиында көтерілген тағы бір проблема - әскери саланың әлеуетін көтеру.

«Патриотизмді сөз жүзінде жүргізетін кезден құтылатын уақыт әлдеқашан өтіп кеткен. Алайда,  әскери саладағы әлімжеттік ел ішінде теріс көзқарас тудырып отыр. Біздің ұлан ғайыр даламызды қорғайтын, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін отан қорғаушылардың ой-санасын, жалпы тенденцияны өзгертуіміз керек. Отанды қорғау - құр сөзбен айтылып қоятын дүние емес. Отан қорғаушыларға жағдай жасалуы керек, құқықтық қамтамасыз етілуі керек. Біздің әскери саладағы қоғамдық бақылауды күшейту керек. Үнемі айтылып жүретін әлімжеттік сияқты жастардың әскерге баруынан бас тартқызатын факторларды алып тастайтындай заңдық тұрғыда мүмкіндік жасауымыз керек. Осы тұрғыда әлі атқарылар жұмыстар көп. Оны қоғамға ашық жеткізуіміз керек. Бұқаралық ақпарат құралдары саласында, идеология саласында нақты ұсыныстар айтылды»,  - деді Бибігүл Жексенбай.

Серіктес жаңалықтары